Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.
Президент жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екенін атап өктен.
«Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді Президент.
Сонымен бірге мемлекет басшысы көк байрақ аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары екенін әрі елі ынтымағымыздың бастауы екенін атап өтті.
«Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 32 жыл
2007 жылы 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Сол заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Ал негізінен ұлттық рәміздеріміздің қабылданғанына 32 жыл болды. Ел тәуелсіздігінің атрибуттары 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған болатын. Ал 4 маусымды мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекелеу 2007 жылдан басталды.
Конституциямызда Қазақстанның Мемлекеттік туы, Мемлекеттік елтаңбасы және Мемлекеттік гимні тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе берілген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінің авторы – Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Қазақстанның әнұраны 2006 жылы өзгерді. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда парламентте бекітілді. Бірінші рет жаңа әнұран 2006 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалған.
Қазақстан рәміздерінің ішінде өзгеріске ұшырамайтыны мемлекеттік ту болайын деп тұр. Неге десеңіз, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыз күні Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс жасады. Ол Қазақстан елтаңбасының Кеңес заманындағы гербке ұқсайтынын айтты.
«Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек»,- деді Тоқаев.
Президент ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылып, ол мәселені жан-жақты қарастырған соң, қоғамдық талқылау өткізілетінін айтты. Ал содан кейін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады.
Басқа ел тәжірибелері
Негізінен уақыт өте келе заман талабына сай ұлттық рәміздерге өзгеріс енгізу қалыпты тәжірибе саналады. Мәселен, 2022 жылы Нигер парламенті өз елінің әнұранына өзгеріс енгізді. Ол елдің әнұранын 1961 жылы француз композиторы жазған екен. Әнде отаршылдық мазмұн сақталған. Ән мәтінінде елдің тәуелсіздікке қол жеткізгені үшін Францияға алғыс білдіру қажеттігі айтылған. Нәтижесінде Нигер парламенті жаңа әнұран жазу туралы шешім шығарып, «Отан үшін» деп аталатын, отаршылдыққа қарсы күрес тарихы сипатталған жаңа әнді гимн ретінде қабылдаған.
2018 жылы Канада әнұран мазмұнына өзгеріс енгізді. Елдің сенаторлары әнұранды гендерлік саясатқа ыңғайлап, әннің бір жолын өзгертті.
Елтаңба өзгертуде Түркменстан алда тұр. Бұл ел елтаңбасын 1992 жылдан бері біренеше рет ауыстырған. 1992 жылдың 19 ақпанында қабылданған елтаңбасы 2000 жылы өзгертілді. Ол кезде гербтің суреті, түс схемасы мен өлшемі өзгерген еді.
2003 жылы дөңгелек пішінді елтаңбаны сол кездегі пезиденті Сапармұрат Ниязов сегізбұрышты етіп өзгерту туралы ұсыныс енгіді. Ол сегізбұрышты түрікмен халқы үшін ежелден молшылықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың символы саналатынын айтқан. Нәтижесінде сол жылы «Мемлекеттік Елтаңба туралы» жаңа заң қабылданған.
Сонымен бірге Беларусь елінің елтаңбасы да бірнеше рет өзгерген. 1995 жылғы референдумнан кейін Беларусь елтаңбасы екі рет өзгеріске ұшырады. Бірінші өзгеріс 2012 жылы енгізілген. Онда гербтің кескініндегі қаріп пен түс реңктері аздап өзгертілген болатын. Ал 2021 жылдың қаңтарында елдің мемлекеттік елтаңбасы тағы өзгеріп, оның ішкі бөліктері айшықталып, түстері қанық бола түсті.
Ал 2023 жылдың қарашасында Қырғыз депутаттары елдің туын өзгерту туралы шешім қабылдады. Елдің Конституциялық комитеті туды өзгерту жөніндегі заң жобасын мақұлдаған болатын.
Бұл бастаманы бірінші болып Жогорку Кенеш депутаттары Нұрланбек Шәкиев, Ұлан Пірімов көтерген. Пірімов заң жобасы Қырғыз Республикасының негізгі мемлекеттік рәміздерінің бірі – Қырғыз Республикасының туын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Талқылау барысында бірқатар депутаттар тудың жекелеген элементтеріне баса назар аудара отырып, аталған заң жобасына қатысты мәселелерді ортаға салды. Олардың айтуынша тудағы күн пішіні күнбағысқа көбірек ұқсайды. Қырғыз Республикасының туындағы сәулелердің толқын тәрізді күн сәулелерінің пішіні, анық күнді еске түсіретін тік пішінге өзгертіледі. Қырғыз Республикасының туындағы күн сәулесінің жаңа нобайын жасау үшін бастапқы кезеңде осы туды жасаған авторлар жұмылдырылмақ. Олар математикалық есептеулер мен сызбаларды және соған байланысты жұмыстарды жүргізеді.
Бұдан бөлек Қырғыз туы ғана емес, сонымен бірге гимні мен елтаңбасын да өзгерту мәселесі көтеріле бастады. Жоғарғы кеңес депутаты Нұрланбек Азығалиев мұндай ұсыныстар азаматтардан көптеп түсетінін айтады.