Жаңалықтар

Ақтөбелік ардагер-спортшы Туризм және спорт министрлігін сотқа беріп, істі жеңіп алды

Ақтөбе облысының ардагері гір тасын көтеруден әлем чемпионатында бірнеше жүлделі орындарды иеленген / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Ақтөбе облысының ардагері, спортшы Бөгежан Аманбаев 2023 жылы гір тасын көтеруден әлем чемпионатына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бұл жүлдесі үшін спортшы Туризм және спорт министрлігінен сыйақы алуы керек болған. Алайда министрлік бюджетте спорт ардагерлеріне сыйақы төлеу мәселесі қарастырылмағанын айтып, қаражат беруден бас тартқан.

Бұдан соң, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақтөбе облысының әкімшілік сотына шағым түсірген. Ардагер министрліктің ақшалай сыйлық төлеуден бас тартуын заңсыз деп тануды сұраған.

«Сотта гір спортынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2023 жылы Әлем чемпионатында (65-69 жас аралығындағы ардагерлер тобында) екі рет 1-ші және 1 рет екінші орынды жеңіп алғаны анықталды. Жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақылар төленбегендіктен, чемпион министрлікке өтініш жазған. Алайда, мемлекеттік орган ардагер спортшыларға төлемдер қарастырылмағандығы туралы ережеге сілтеме жасай отырып, оның өтінішін орындаудан бас тартқан»,- делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Ережеге сәйкес, халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жеке спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың мүшелеріне әрбір спортшыға алған әрбір орын үшін 100 пайыз көлемінде ақшалай ынталандыру төленуі керек болған. Бұл ретте спорт ардагерлеріне-халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне көтермелеу төлеуге тікелей тыйым салынбаған.

Оның үстіне шағым түсірген спорт шебері 27 құрама команданың спортшыларымен қатар жарысқа қатысып, Қазақстан үшін өнер көрсетіп, оның жеңіп алған медальдары қатысушы елдердің жалпы медальдық есебінде ескерілген.

«Сондықтан жауапкердің Ережеде ақшалай сыйақыны төлеу ұлттық құрама командасының мүшелеріне ғана көзделгені және бюджетте спорт ардагерлеріне ақшалай сыйақы төлеу бойынша шығыстар көзделмегені туралы дәлелдері дәрменсіз деп танылды»,- деп хабарлайды Жоғарғы сот.

Яғни министрліктің спорт шеберіне ақшалай сыйақы төлеуден бас тартуына еш негіз болмаған.

«Сот әкімшілік талапты қанағаттандырды. Министрлік талап қоюшыға әлем чемпионатындағы жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақы төлеуге міндетті»,- делінген баспсаөз хабарламасында.

Сот заңды күшіне енбеген.