Siemens компаниясының Қазақстандағы бұрынғы бас директоры Дияс Асанов Air Astana директорлар кеңесінің құрамына енді. Бұл туралы топтың Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған хабарламасында жазылған.
Асанов 31 мамырда басқарма органға тағайындалды. Бір күн бұрын акционерлердің бірі, британдық BAE Systems компаниясының өкілі Майлз Сент Джон Весткотт директорлар кеңесінен шықты. Мұндай шешім акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданды. Өзгерістер «компанияның IPO-ға дейін жарияланған проспектісінде көзделген бұрын жарияланған жоспарларға сәйкес» болғаны түсіндірілді.
Дияс Асанов Вест Пойнттағы АҚШ Әскери академиясында халықаралық қатынастар, сондай-ақ Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде халықаралық құқық бойынша білім алған. Кейінгі үш жылда Қазақстандағы Siemens компаниясының басшысы болып жұмыс істеді. Ол цифрлық индустрия және ақылды инфрақұрылым салаларында жұмыс істеді. Бұған дейін Асанов Siemens Energy компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы бас кеңесшісі қызметін атқарған.
Директорлар кеңесінің басшысы Нұрлан Жақыпов Асановтың электротехника, көлік және коммуникация саласындағы тәжірибесі «компания дамуының келесі кезеңіне, әсіресе одан әрі цифрландыру жоспарларына ықпал ететінін» атап өтті.
Кеңестің жаңартылған құрамына оның басшысы Нұрлан Жақыпов, Айдар Рысқұлов (екеуі де «Самұрық-Қазынаның» өкілі), Саймон Вуд (BAE Systems өкілі), Питер Фостер (әуе компаниясының басшысы), сонымен қатар тәуелсіз директорлар – Эльдар Әбдіразақов, Джанет Хэкман, Гарри Кингшот, Кит Габель және Дияс Асанов енді.
Air Astana 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді. Акционерлер жылдық жалпы жиналыста осындай шешім шығарды.
Air Astana кірісі мен әуе флотының көлемі бойынша Орталық Азия және Кавказ аймақтарындағы ең ірі әуекомпаниялар тобы. Топтың бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасында, Astana International Exchange және Лондон қор биржасында орналастырылған.
2023 жылы Air Astana 68,7 миллион доллар таза пайда тапты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,4%-ға аз.