Жаңалықтар

«АҚШ-тан Rolls-Royce жеткізіп беруге уәде берген»: БАӘ-ден он жыл іздеуде жүрген күдікті экстрадицияланды

Күдікті Қазақстанның құқық қорғау органдарынан 10 жылдан астам уақыт бойы жасырынып келген / Коллаж: kursiv.media, Бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен он жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен елге жеткізілді.

Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері және ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен БАӘ-нен алдау және сенімді теріспайдалану жолымен ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін күдіктіні экстрадициялады.  Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Rolls-Royce жеткізіп беруге уәде берген…

Күдікті 2010 жылдың қазан айында жәбірленушіден АҚШ-тан «Роллс-Ройс»маркалы автокөлікті жеткізіп беруге уәде беріп, 50 млн теңгеден астам ақшасын алған. Ірі мөлшердегі ақшаны қалтаға басқан соң, бой тасалап қашып кеткен.

«Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланды. Күдікті Қазақстанның құқық қорғау органдарынан 10 жылдан астам уақыт бойы жасырынып келді. Бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған»,-делінген Бас Прокуратура хабарламасында.

Күдіктіні экстрадициялау Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қазақстанның бас прокуратурасы дайындаған 2009 жылғы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімнің арқасында іске асты.

Айта кетейік осыған дейін Бас Прокуратура «Plus Capital» қаржы пирамидасын құрып, халықты 3 млрд теңгеге алдаған қылмыстық топ мүшесінің Грузиядан экстрадицияланғанын мәлімдеген болатын. Күдікті 2020 жылы қылмыстық топ құрып, Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Солайша 600-ден астам салымшының жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам ақшалай қаражаты, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін заңсыз иемденген деп айыпталып отыр.

Сондай-ақ контрабандамен айналысқан қылмыстық топ басшысы Әзірбайжаннан экстрадицияланды. Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2016-2018 жылдары аралығында Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен айналысқан. Ол осылайша кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарған. Күдікті контрабандалық қызметін жүзеге асыру мақсатында қылмыстық топ құрып, оны өзі басқарған. Нәтижесінде мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.