Жаңалықтар

Вице-министр Тимур Жақсылықов Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі болып тағайындалды

Қазақстанның Беларусьтағы және Иорданиядағы Елшісі ауысты / Фото: primeminister.kz

Бұрынғы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқаратын болады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Тимур Мекешұлы Жақсылықов Қазақстанның Беларусь Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды», – деп жазылған хабарламада.

Жақсылықов жайында

Айта кетейік, Тимур Жақсылықов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тарихшы мамандағы бойынша, Саяси зерттеулер институтын саяси ғылымдар және мемлекеттік басқару магистры, Қазақ экономика және қаржы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ол ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерді атқарды. 2021 жылғы ақпаннан осы уақытқа дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып жұмыс істеген.

Осыған дейін Беларусь Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі және ТМД Жарғылық органдарының жанындағы тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы болған Ерлан Сапарұлы Байжанов бұл лауазымынан босатылды.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Иорданиядағы елшісін тағайындады. Талғат Рахымқұлұлы Шалданбай енді Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарады.