Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджет қаражатын заңсыз пайдаланып, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзған мекемелерді анықтады. Осылайша қадағалау органы 7,1 млрд теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді.
Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу» және «ҚР сәулет-қала құрылысы, құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұзған. Тиісті мемлекеттік мекемелердің лауазым иелері жалпы сомасы 3,6 миллиард теңгеге жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттарсыз, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
«Шал ақын ауданында Экономика және қаржы бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) талаптарына қайшы, аула аумақтарын асфальттау бойынша мекенжайы мен жұмыс көлемін көрсетпей сомасы 57,8 миллион теңгеге сатып алу жүргізген»,-деп хабарлады СҚО прокуратурасы.
Сондай-ақ Есіл ауданында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі сатып алынатын тауардың маркасын көрсете отырып, 113,8 миллион теңге сомасында көмір сатып алуды жүзеге асырған.
«Қадағалау органының наразылығына байланысты жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 20 мемлекеттік сатып алуды бұзып, нәтижесінде 7,1 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді»,-делінген хабарламада.
Жіберілген бұзушылықтар үшін 29 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 7-і мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін, яғни 4-і жұмыстан босатылса, 3-і толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған.
Айта кетейік, осыған дейін Павлодар облысының жер қатынастары бөлімінің басшысы жер учаскелерін заңсыз бергені үшін сотталған болатын.
Прокурорлық тексеріс барысында Павлодар облысы, Ертіс ауданының жер қатынастары бөлімі басшысының 3 мың гектардан асатын 2 жер учаскесін ірі шаруашылыққа заңсыз бергені анықталған. Ол оң қорытынды алу үшін жер қатынастары бөлімі жер комиссиясының қарауына жер учаскелерінің пайдалану мақсатын бұрмалап көрсетіп, теріс деректер ұсынған. Мұндай әрекеттердің салдарынан мемлекетке жерді жалға алғаны үшін шаруашылық 80 млн теңгедей төлемеген. Сондай-ақ жайылымдардың тапшылығы салдарынан жеке мал басын мәжбүрлеп төмендеткен ауыл тұрғындарының құқықтары бұзылған.