Қазақстан экономикасындағы өңдеу секторының үлесі 12,3 %-ды құрайды — Роман Скляр
Қазақстан Үкіметінің алдында биыл жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібін 6%-ға дейін арттыру міндеті тұр. ЖІӨ-дегі осы сектордың үлесі 12,3%-ды құрап, бүгінде ол тау-кен металлургия кешенінің (12,6%) үлесімен теңестірілді. Бұл жайында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
Роман Скляр Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында экономиканы одан әрі әртараптандыру және өңдеуші сектордағы өсімді қамтамасыз ету жоспарларын жайында айтты.
Ол кәсіпорындар жұмыс істеп қана қоймай, өз өндірістерін қайта инвестициялап, өндіріс көлемін ұлғайтуы керек деп түсіндірді.
«Сондай-ақ елімізде жаңа инновациялық кәсіпорындар пайда болуы қажет. Елімізге инвестиция салу үшін шетел капиталын тартуымыз керек. Өндірілетін өнім экспортқа да шығатын болады», — деді Роман Скляр.
Бірінші вице-премьер өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешеніндегі бүгінде технологиялық өсудің жоғары деңгейін көрсетіп отырған кәсіпорындарды атап өтті. Олардың қатарында жаңа үлгідегі жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған Алматы желдеткіш және Кентау трансформатор мен басқа да зауыттар бар. Айтуынша өнімдер әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.
«Мәселен, Екібастұз қаласында «Railways Systems KZ» компаниялар тобы теміржол машинасын жасау саласындағы ең заманауи жабдықтарды өндірудің жетінші желісінің құрылысын белсенді жүргізуде. Бұған дейін кәсіпорын Екібастұз қаласында теміржол саласы үшін 6 өнім түрін шығарған. Саран қаласында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар (РТБ) зауытының негізінде бірқатар өндірістер құрылды. Олардың арасында сынақ режимінде өнім шығара бастаған шина зауыты да бар. Бұл ретте Қазақстанда бұл өнім 2000 жылдан бері шықпаған. Бірінші вице-премьердің айтуынша, маусым айында алғашқы өндіріс басталады және биыл қалада 1 млн ең заманауи шиналар шығарылады»,-деп мәлімдеді бірінші вице-премьер сұхбат барысында.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикасына сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Армения ЕАЭО елдері арасында өнеркәсіп өндірісі бойынша ең төменгі өсім көрсеткен.
«Көрсеткіш бір жылмен салыстырғанда 3,4%-ға өсті, Арменияда одан төмен 0,7%», – деп жазылған есепте.
ЕЭК ақпаратына сүйенсек,2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде өндіруші бағасының айтарлықтай өсуі (5,8%-ға) байқалды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілердің бағасы қызмет түрлері бойынша 2,8%-ға өсті. Бұған дейін, ЕАЭО елдері арасында Қазақстан өнеркәсібінің өсімі ең төмен болған. Ол кезде көрсеткіш 4,6% өскен.
Еске салсақ, «Бәйтерек» былтырдан бері 1,6 трлн теңгеге өңдеу өнеркәсібіндегі 4,6 мың жобаны қаржыландырған. Өңдеу өнеркәсібінде қолдау көрсетілген кәсіпорындар 3,9 трлн теңге сомасына өнім сатқан. Бұл өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімдерінің жалпы көлемінің 18%-ын құрайды. Олардың шикізаттық емес экспорттағы үлесі – 12%.