Инфляция жөніндегі болжамдар, Кит Гиллге қатысты тексеріс, АҚШ еңбек нарығындағы жағдай
АҚШ еңбек нарығы біртіндеп суып келеді, сондықтан ФРЖ енді мөлшерлемесін өзгертуге мәжбүр болады. Ал маңдайалды америкалық экономистер елдегі инфляция таяу арада 2%-дық мақсатты деңгейге дейін төмендеуі екіталай және таргеттің өзі де төмен болуы мүмкін деген болжам айтады. Осы және басқа да тақырыптар туралы 4 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
АҚШ-та сәуір айында бос жұмыс орны азайды: еңбек нарығы суып келеді
АҚШ-тың еңбек нарығы біртіндеп суып келеді деп хабарлайды Reuters. Сәуір айында АҚШ-тағы бос жұмыс орны болжалды мөлшерден көп азайды, ал бір жұмыс іздеушіге шаққандағы бос жұмыс орнының саны соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгейге жетті.
Еңбек министрлігі Еңбек статистикасы бюросының деректері бойынша, сәуірде әр жұмыссызға 1,24 бос жұмыс орнынан келді, ал наурызда 1,3 орыннан келген. Сәуірдің соңғы күні жаңадан ашылған бос орын саны 8,059 млн болды. Ал Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер 8,355 млн орын болады деп болжаған болатын.
High Frequency Economics-тің АҚШ бойынша бас экономисі Рубила Фаруки бос орын саны бұрынғысынша көп болғанымен, ол «жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын реттеу ісі жалғасып жатқанын» көрсетеді деп атап өтті. Енді ФРЖ-ның міндеті инфляцияны тежеу ғана емес, тағы мөлшерлемелерді болашақта еңбек нарығының әлсіреуіне жол бермейтін деңгейде ұстап тұру деп есептейді сарапшы.
Енді инвесторлардың аңдығаны – жұма күні шығатын, АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі туралы мәліметті жайып салатын жұмыспен қамту туралы есеп.
ФРЖ көздегендей, инфляцияның 2%-ға дейін төмендеуі екіталай
Бұған дейін ФРЖ басшылығына кандидат ретінде қарастырылған екі атақты америкалық экономист сейсенбіде АҚШ-тағы инфляция жайлы пікір білдірді. Олардың ойынша, елдегі инфляция жақын арада жылдық мақсатты деңгей – 2%-ға дейін төмендеуі екіталай деп жазады Market Watch.
Колумбия университетінің экономисі және оқытушысы Гленн Хаббард: «Инфляция қазір көздеген мақсатты деңгейден әлдеқайда жоғары боп тұр», – дейді. Оның айтуынша, АҚШ-та адамдардың көбі инфляцияның өзгермей тұрғанын тұрғын үйдің қымбаттығынан көреді. Алайда инфляцияның өсуіне басқа секторлардың да айтарлықтай қатысы бар. Тұрғын үй бағасының қазіргі өсу қарқынымен 2%-ға жету үшін, басқа салаларда баға мүлдем өспеуі керек дейді сарапшы. Дегенмен ол экономика «жұмсара түседі» деген ойда.
Бұрынғы президент Барак Обаманың Бас экономикалық кеңесшісі Ларри Саммерс те көңіл қобалжытарлық болжам жасады. Оның үстіне, ол 2%-ды көздеген мақсатты «нашар идея» деп атады. Самммерстің пікірінше, алдағы үш жылда ФРЖ АҚШ экономикасына 2,75-3%-дық инфляция оңтайлы екенін мойындауы тиіс, ал 2% деңгейі рецессияға түрткі болуы мүмкін.
Саммерс, сондай-ақ, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге ФРЖ-ның мүмкіндігі аз екенін айтты. Пандемиядан кейін бюджет шығындарының айрықша артуы пайыздық мөлшерлеменің «бейтарап» деңгейін 4,5%-ға жеткізді, яғни ол ФРЖ бағалағандай, 2,6% емес.
Мем-акциялар жайлы мәлімет таратқан трейдер Кит Гиллдің жұмысы тексеріле бастады
Market Watch: АҚШ-тың Массачусетс штатындағы бағалы қағаздарды реттеуші әлеуметтік желіде «Roaring Kitty» лақап атымен танылған трейдер Кит Гиллдің қызметін тексеріп жатыр, – деп хабарлады. Ол мамыр айында бірнеше мем-акция туралы мәліметті әлеуметтік желі арқылы таратқан. Соның салдарынан сол акциялардың бағасы бірден 20-30%-ға көтеріліп, біраз күннен кейін қайта төмендеді. Сөз GameStop және AMC қағаздары жөнінде.
Массачусетс штатының мемлекеттік хатшысының өкілі Билл Гэлвин MarketWatch-ке: «Бағалы қағаздар бөлімі оның іс-әрекетін зерттеу үстінде. Тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады. Гилл дүйсенбіде Reddit-те 115,7 млн доллар тұратын GameStop-тың 5 миллион акциясын, сондай-ақ 120 мың сатып алу опциясын (65,7 млн долларға) көрсететін скриншот жариялады. Скриншотқа сәйкес, дүйсенбіде нарық ашылған кезде Гиллдің GameStop-тағы позициясы 386 млн доллардан асқан. Келесі скриншотта Гиллдің өз позициясын ұстап тұрғаны анық көрінеді. MarketWatch бұл скриншоттардың рас-өтірігін нақтылай алмады.
Дәл осы кезде реттеушінің Гиллді тексере бастағаны туралы ақпарат пайда болды. Кит Гиллдің өзі бұл жайында еш пікір айтпады.
E*Trade брокері және трейдер жұмыс істейтін оның бас компаниясы Morgan Stanley мұндай манипуляция олардың имиджіне теріс әсер етеді деп алаңдайды. Брокер платформаны пайдаланушылар қатарынан Гиллді шығару мәселесін қарастырып жатыр.
Cisco 1 млрд долларға жасанды интеллектіге бағытталған қор құрды
Телекоммуникация жабдықтарын өндіретін Cisco жасанды интеллект саласындағы стартаптарға инвестиция салу үшін, 1 млрд доллар тұратын қор құрды. Осылайша, ол да ЖИ саласында жарысып жатқан ірі техно-компаниялардың қатарына қосылды деп жазады Reuters. Қорға қазірдің өзінде 200 млн доллар түсті, бұл қаражат Cohere, Mistral AI және Scale AI сияқты компанияларға бағытталды. Scale AI стартапы, шамамен, 14 млрд долларға, ал Cohere мен Mistral стартаптары 5 млрд долларға бағаланды.
Соңғы бірнеше жылда Cisco ЖИ компанияларын сатып алу жөнінде 20-дан астам мәміле жасады. Сонымен қатар ЖИ және машиналық оқытуға қатысты кейбір жобаларға инвестиция салды. Microsoft, Amazon, Meta сияқты алыптар да осы салаға белсене қаржы құйып жатыр.