Жаңалықтар

Tesla-ның бастапқы инвесторлары компанияның болашағына сенбейді

Жыл басынан бері Tesla акциясы 30%-ға жуық арзандады / Фото: Reuters / David Swanson

Tesla-ның ірі инвесторлары компанияның капиталынан өз үлесін бірте-бірте әкетіп жатыр. Олардың ойынша, әлемдегі ең қымбат автоөндірушінің бас айналдырған керемет бағасы өткен шақта қалды.

Толығырақ

Tesla акцияларының бағасы соңғы бес жылда шамамен 14 есе өсті. Соның арқасында инвесторлар оның қағаздарын қиын кезеңдерде де ұстап отырды. Әрі олар автокөлік компаниясынан гөрі, технологиялық компанияға көбірек тән бағалауға да келісіп келді. Бірақ қазір компанияның адал жақтастарының өзі Tesla-ның жарқын болашағына сенбейді және оның акциясын ұстау тым қауіпті деп санайды деп жазды Reuters.

Tesla-ның алғашқы ірі инвесторларының бірі Gabelli Funds бірінші тоқсанда қолындағы акцияның бәрін (65,9 мың дана) сатып жіберді. Бұл жайтты Gabelli Funds-тың портфельдік менеджері Джон Белтон: Tesla-ның автомобиль компаниясы ретіндегі негізгі көрсеткіштері «шындыққа сай емес» деп түсіндіреді.

Росс Гербердің Gerber Kawasaki Wealth & Investment Management компаниясы 10 жылдан көп уақыт бұрын Tesla-ның 500 мың акциясын сатып алған болатын. Олар да биыл қолындағы акцияларды сатып жатыр. Қазір компанияның Tesla-дағы позициясы 300 мың акцияға дейін қысқарды. «Тесланың тарихы аяқталды», – дейді Гербер. Инвестор компанияның пиары әлсіз деп санайды. Сонымен бірге, ол Tesla басшысы Илон Масктың саясат пен масс-медиадағы шытырман оқиғалары компанияның дамуына кедергі келтіруде деп наразы.

Сейсенбіде Tesla акциялары Нью-Йоркте 1,3%-ға арзандады. Бұған Масктың Tesla-ның мүддесіне қайшы болса да, X және xAI үшін NVIDIA-ның тапшы ЖИ-чиптерін сатып алғаны жайлы жаңалық түрткі болды. Масктың өзі бұл әрекетін Tesla FSD автопилотын дамыту үшін бұл чиптер әлі қажет емес және «қоймада құр жатар еді» деп түсіндірді.

Tanaka Growth қорының менеджері Грэм Танака соңғы алты айда Tesla-дағы позициясын 21,5 млн долларға кемітіп, NVIDIA-ға ақша аударды. «Tesla-да тәуекел қаупі тым күшейіп кетті, ал Nvidia одан екі есе төмен бағада сауда жасайды. Бұл тамаша альтернатива», – деді ол. Tanaka Growth Tesla акцияларын 2011 жылы 2 доллар боп тұрған кезде сатып алған еді дейді Reuters.

Morningstar мәліметіне сәйкес, Tesla акцияларына 2019 жылдан бері иелік ететін 18 қордың 10-ы бірінші тоқсанда компаниядағы позициясын кеміткен. Мақалада: олардың төртеуі 15%-ға немесе одан да көп мөлшерде позициясын қысқартты деп жазылған.

Акцияның жайы

Бірақ бұл Уолл-стрит Tesla акцияларын есептен шығарып тастады дегенді білдірмейді. LSEG бақылауындағы 22 сарапшы Tesla акциясын сатып алуды ұсынады, ал ақпан айында олардың саны 19 болатын. 53 сарапшы ұсынған орташа мақсатты баға 183,01 доллар болып отыр. Бұл Нью-Йорктегі кешегі сауданың жабылу бағасынан 5%-ға жоғары.

Tesla акциялары жыл басынан бері шамамен 30%-ға арзандады. Бұл 2021 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 50%-дан төмен түскенін көрсетеді. Осылайша, компанияның нарықта 600 млрд долларға бағаланған құны құлдырады. Оның басты себептері – бәсекелестіктің артуы, сатылымның төмендеуі және бірінші тоқсандағы сәтсіздік. Маск болса 2025 жылы нарыққа роботакси мен арзан электр көліктерін шығаратынын айтып, инвесторлардың көңілін жайландыруға тырысып жатыр.

Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, Tesla әлі де капиталы 560 млрд доллардан асатын әлемдегі ең қымбат автомобиль өндірушісі болып саналады (Мысалы, Toyota-ның капиталы 333,7 млрд доллар). Tesla акциялары қазір болжамды пайданы ескере отырып, 64 мультипликаторымен сатылуда. Бұл көрсеткіш инвесторлардың жасанды интеллект саласындағы фавориттерімен салыстырғанда көбірек (NVIDIA – 37,8 және Super Micro Computer – 23,2 P/E).  Ал басқа автомобиль өндірушілеріне қарағанда әлдеқайда жоғары баға деп атап өтті Reuters.

Әлі де теріс айналмаған достар бар

Тесланың ең адал жақтастарының бірі Кэти Вуд болып отыр. Оның ARK қоры бірінші тоқсанда Tesla-дағы үлесін 10%-ға арттырды. Вуд 2027 жылға қарай Tesla акциясының бір данасы 2 мың доллар болады деп санайды. Оның ойынша, бұған пилотсыз таксилерді іске қосу әсер етпек. Осы жылдың сәуір айында Вуд баға түскен кезде, шамамен, 152 мың Tesla акциясын сатып алып, артынша баға көтерілгенде, екі күн ішінде 80 млн долларға жуық пайда тапты.