Жаңалықтар

Citadel мен BlackRock Техаста жаңа қор биржасын құруды қолдайды

Техас қор биржасы 2025 жылы Далласта іске қосылып, 2026 жылы бірінші листингін өткізуді жоспарлап отыр / Фото: Shutterstock

Уолл-стрит алыптары қолдайтын BlackRock маркеті мен Citadel Securities компаниясы Техаста жаңа қор биржасын құруды жоспарлап отыр. Мақсат – Нью-Йорк қор биржасымен және NASDAQ-пен бәсекеге түсу.

Толығырақ

Жаңадан құрылған Texas Stock Exchange инвесторлардан қазірдің өзінде, шамамен, 120 млн доллар жинады және осы жылдың соңында АҚШ-тың Құнды қағаз және биржа жөніндегі комиссиясына (SEC) тіркелу үшін құжат тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде аталмыш қор биржасының басшысы Джеймс Лиге сілтеме жасай отырып, The Wall Street Journal хабарлады. Citadel-дің өкілі Reuters агенттігіне бұл жобаны BlackRock пен Citadel Securities қолдайтынын жеткізді.

TXSE деп аталатын жаңа биржа бастапқы және қос листинг үшін бәсекеге түсуді жоспарлап отыр, сонымен қатар ол биржалық өнімдерге қатысты листинг өткізуге де ниетті. Қор 2025 жылы жұмысын бастап, бірінші листингін 2026 жылы өткізуді көздейді. Лидің айтуынша, Техас қор биржасы толығымен электронды түрде жұмыс істейді, бірақ Далластың орталығынан өз кеңсесін ашпақ.

Техас биржасы NASDAQ және NYSE-тегі комплаенстік шығынның артуына қатысты эмитенттердің наразылығын, сондай-ақ NASDAQ-тағы компаниялардың директорлар кеңесінде гендерлік әртүрлілікті сақтау жөніндегі квота сияқты жаңа ережелерді пайдалануға тырыспақ. Жаңа биржа компания басшыларына жылы қарайды деп TXSE жақтаушылары уәде беріп отыр деп жазады WSJ.

Контекст

АҚШ-та жаңа биржаны іске қосу оңай шаруа емес. Америкалық компаниялар листинг өткізу үшін қазір тек екі жолды пайдаланады: NYSE және Nasdaq. IEX, Cboe Global Markets және басқа да биржалар акциялардың листинг бизнесіне кіруге тырысты, бірақ үлкен жетістікке жете алмады деп атап өтті WSJ. SEC 2019 жылы мақұлдаған Long-Term Stock Exchange бар-жоғы екі листинг өткізді.

Осыдан он жылдай бұрын Нью-Йорктің сыртында ондаған аймақтық қор биржасы болатын. Олардың көбі жабылып тынды немесе үлкен ойыншыларға жұтылып кетті. Соңғы 20 жылда NYSE пен Nasdaq Бостон, Чикаго және Филадельфия қор биржалары сияқты бірқатар сауда алаңын өзіне сіңіріп алды.

Жаңа биржаға сауда көлемін тарту да қиын іс. Трейдерлер, әдетте, ең көп көлемдегі биржаға тапсырыс беруді жөн көреді. TXSE қолдаушыларының көмегіне үміт артады дейді WSJ.

Citadel Securities – әлемдегі ең ірі маркет-мейкерлердің бірі, BlackRock – дүниежүзіндегі ең ірі активтерді басқару компаниясы. BlackRock пен Citadel Securities-тің жаңа биржаларды қолдау ісінде тәжірибесі жеткілікті, солардың қатарында MЕMX те бар. Оны 2019 жылы АҚШ-тың ең ірі банктері мен маркет-мейкерлері құрды. Оны құрудағы басты мақсат NYSE пен Nasdaq-тың деректерді жеткізу мен тіркеуге қатысты төлемақысын өсіруіне қарсы тұру болатын. Қазір MEMX-тің қор нарығындағы үлесі – 2-3%. Бұл туралы Cboe деректеріне сілтеме жасай отырып WSJ жазды.

Неге Техас?

Бұл Техастың қаржы бизнесін тартудағы алғашқы әрекеті емес. Штат губернаторы Грег Эбботт 2020 жылы биржа басшыларына электронды сауда орталықтарын Нью-Джерсиден Техасқа көшіруді ұсынған болатын. Сол кезде қаржылық операцияларға салық салу қарастырылып жатқан. Нәтижесінде, сауда орталықтары ешқайда көшпеді.

TXSE басшысының айтуынша, Техастың ірі қалаларында құрылып жатқан арнайы бизнес-соттар осы штаттың мәртебесі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл соттарға жұрттың назарын аударуға Tesla басшысы Илон Маск та ықпал етті. Делавэрдегі сот оның 56 млрд долларлық бонустарының күшін жойған кезде, ол Tesla-ның тіркеуін Делавэрден Техасқа көшіру туралы акционерлер жиналысын өткізген болатын.