Храпунов Алматы әкімі болған кезде жекеге өтіп кеткен жедел жәрдем кешені мемлекетке қайтарылды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
храпунов
Жедел жәрдем кешені мемлекет меншігіне қайтарылды /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматыны Виктор Храпунов басқарып тұрған кезде жекенің қолына өтіп кеткен жедел жәрдем кешені мемлекетке қайтарылды. Бұл нысанның жалпы құны – 3 млрд теңге. Сот шешімі заңды күшіне енген.

Жалпы ауданы 3974 шаршы метр болатын және 50 сотық жері бар бұл кешенді Алматы қаласының бұрынғы әкімі жекеменшікке заңсыз берген. Алматы прокуратурасының хабарлауынша, жедел медициналық көмек кешені мемлекет балансына алынған. Бұған дейін алматылық сот қала прокурорларының арызын қанағаттандырған.

«Бұған дейін Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 27.11.2023 жылғы шешімімен қала прокурорының мемлекеттік мүлікті жекеменшікке беру жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану туралы талап-арызы қанағаттандырылғаны хабарланған болатын. Сот шешімі заңды күшіне енді», – деліген хабарламада,

Қазіргі уақытта нысан қала әкімінің қаулысымен жедел медициналық жәрдем қызметі иелігіне өткен. Енді қосымша қосалқы станция ашылмақ.

2022 жылдан бері мемлекет меншігіне жалпы сомасы 1,7 триллион теңгеге тең заңсыз актив қайтарылған. Соның ішінде шетелден 750 миллион доллар шетелден қайтарылса, 325 миллиард теңгеден астам активті мемлекетке қайтару туралы талап-арыз дайындалған.

Алматы қаласының прокуратурасы бұған дейін осы кешеннің бір бөлігін сот мемлекетке қайтару туралы шешім шығарғанын хабарлаған.

Алматы қаласының (1997-2004 жж.) және Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі (2004-2007) Виктор Храпуновты сот сырттай 17 жылға соттаған. Оның әйелі Лейла Храпунованың мүлкі тәркіленіп, 14 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс еді. Храпуновтар шетелге қашып, 2021 жылы Швейцариядан саяси баспана алған.

Храпуновтар өздері құрған ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында мемлекет мүлкін жымқырды, алаяқтық жасады, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, пара алды және ұрланған мүлікті заңдастырды деп айыпталған.

Сондай-ақ оқыңыз