«Қазақмыс» компаниясы Kazakhmys Holding топ-менеджері, миллиардер Жұманбаевтың Қырғызстанда іздеуге жарияланғанына қатысты түсініктеме берді.
«Желіде Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан азаматын, «Kazakhmys Holding» ЖШС топ-менеджері және «Алтын Алмас», «Қаражыра» акционері Владимир Жұманбаевты халықаралық іздестіруге жариялау туралы ақпараты тарады. Осыған байланысты Владимир Жұманбаевтың ҰҚКК хабарламасында көрсетілген компанияларға қатысы жоқ екенін хабарлаймыз», – делінген «Қазақмыс» хабарламасында.
Ақпаратқа сүйенсек, Жұманбаев қазір еңбек демалысында жүр. Компания оның құқық қорғау органдарынан жасырынбайтынын және тергеуге көмек көрсетуге дайын екендігін жазады.
«Қырғызстанның сотқа дейінгі тергеу органдарынан «Қазақмыс», «Алтын Алмас» және «Қаражыра» компаниялар тобының атына ресми сауалдар түскен жоқ. Компаниялар тобы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады және өз қызметкерлерінің құқығын қорғауға дайын», – делінген хабарламада.
Қазақстанның Forbes рейтингіндегі кәсіпкер Владимир Жұманбаевқа Қырғызстанда қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікке ілінген.
«Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық миллиардер Владимир Жұманбаевтың қырғызстандық бірлескен қылмыстық ұйым мүшесі Асанбек Көлбаевтің жұмысын қаржыландырғанын анықтады», – деп хабарлайды Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз орталығы.
Қырғызстан МҰҚК ақпаратына сүйенсек, Жұманбаев бұған дейін «бірлескен бизнес-жобаларды жүргізу үшін Қырғызстан аумағында қолдау үшін» Көлбаевпен байланыс орнатқан.
«Жұманбаев Қырғызстан аумағында алтын өндірумен, кендер мен бағалы металдарды байытумен айналысатын «В.Г. К.» ЖШС иесі бола отырып, 2021-2023 жылдар аралығында компанияның жауапты қызметкерлеріне ай сайын 1 млн сомды «Братский круг» Халықаралық қылмыстық тобының құрамына кірген Көлбаевқа аударуды тапсырған», – делінген хабарламада.
Forbes ақпаратына сүйенсек, Владимир Жұманбаев Қазақстандағы ең дәулетті адамдар тізімінде 25-орында тұр. Оған «Алтын Алмас» АҚ 20% тиесілі. Сондай-ақ, «Қаражыра» АҚ 20%, «Бенкала» тау-кен компаниясы, «Ronson-2000» ЖШС және «Vertex Holding» тиесілі.