Словения тәуелсіз Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады. Ел Үкіметі Парламентке Палестинаны мойындау туралы ұсыныс тастаған болатын.
Reuters ақпаратына сүйенсек, Парламент Үкімет жобасын қолдап, 90 депутат ішінен 52 депутат Палестина мемлекетін ресми мойындауға келісім берді.
«Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде тану Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы Палестина халқына үміт береді деп сенемін», – деді Словения премьер-министрі Роберт Голоб.
Словения демократиялық партиясының төрағасы Янез Янса дүйсенбіде осы мәселеге қатысты референдум өткізу туралы талап жариялаған. Палестина тәуелсіздігін мойындау Словенияға зиян тигізуі мүмкін екендігі айтқан.
Алайда Словения Үкіметі Палестина мемлекетін ресми мойындау мәселесін қарастыратын отырыс өткізген.
Отырыстан кейін жасалған мәлімдемесінде премьер-министр Голоб Палестинаны халықаралық құқыққа және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларына сәйкес 1967 жылғы шекара негізінде тәуелсіз мемлекет ретінде тануға шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Голоб, сонымен бірге, бұл шешім Парламенттің қарауына баратынын айтып, депутаттардан оны қолдауды сұрады.
28 мамырда Испания, Норвегия және Ирландия да Палестинаны ресми түрде мойындау туралы шешім қабылдаған.
Еске сала кетсек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Израиль-Палестина қақтығысын шешуге қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, өңірлегі шиеленіс, 2023 жылдың 7 қазанында басталды. Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
2023 жылдың қарашасында БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын мәлімдеді.