Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасының 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады. Бұл ретте елдің әлеуметтік-экономикалық даму сценарийлерін қалыптастыру үшін әлемдік экономиканың дамуы мен қатар Brent маркалы мұнайға, металдарға әлемдік бағалардың серпіні, сондай-ақ әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуал ескерілген.
Жетекші халықаралық ұйымдардың болжамдарына сәйкес, әлемдік экономиканың даму перспективалары 2024 жылы қайта қаралды.
Халықаралық ұйымдар болжамы
Халықаралық валюта қоры 2024 жылғы сәуірдегі болжамында 2024 жылғы қаңтардағы болжаммен салыстырғанда әлемдік экономиканың өсімін 2024 жылы 2,9%-дан 3,2 %-ға дейін арттырды. Ал 2025 жылғы өсу болжамын 3,2 % деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.
Дүниежүзілік банк 2023 жылғы маусымдағы болжаммен салыстырғанда 2024 жылғы қаңтарда әлемдік экономиканың күтілетін өсімін 2024 жылы 2,4 %, 2025 жылы – 3%-дан 2,7 %-ға дейін төмендетеді деген болжам жасалды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2023 жылғы мамырдағы болжамында, 2024 жылғы қаңтарда әлемдік экономиканың өсімін 2,5 %-дан 2,4 %-ға дейін төмендетті, 2025 жылы 2,5 %-дан 2,7 %-ға дейін өседі деп хабарлады.
Жетекші экономикалар бойынша сараласақ…
Экономикасы дамыған елдерде өсу қарқыны жағымды динамика көрсетеді деген болжам бар. Мәселен, 2023 жылғы 1,6 %-дан 2024 жылы 1,7 %-ға дейін.
Елдер бойынша, 2023 жылы экономиканың едәуір өсуі Қытайда байқалады – 5,2%. АҚШ–та ЖІӨ өсімі 2,5%, Ресей Федерациясында – 3,6%, Еуроаймақта – 0,4%-ды құрады.
«Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің даму перспективаларын қарастыра отырып, Еуроаймақты қоспағанда, АҚШ, Қытай және Ресейде 2024–2025 жылдары экономикалық өсу қарқынының біршама төмендейді деген болжам бар. Ресейдің экономикалық өсу болжамы 2024 жылы 3,2%, 2025 жылы – 1,8% деңгейінде болады деген болжам жасалған», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Ведомство ақпаратынша, 2024 жылы АҚШ экономикасының өсуі 2,7% деңгейінде болжанады, содан кейін 2025 жылы 1,9 % дейін баяулайды.
2024 жылы ҚХР экономикасының өсуі 4,6% деңгейінде болжанады. 2025 жылы одан әрі 4,1%-ға дейін баяулайды деп есеп хабарлады.
Еуроаймақта экономикалық белсенділік аздап қалпына келеді. 2024 жылы экономиканың өсу қарқыны 0,8% деңгейінде қалыптасады. Одан әрі 2025 жылы 1,5 %-ға дейін өседі деген болжам бар.
Өсу қарқыны Бразилияда, Үндістанда және экономикалық жағынан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі елдерде де жеделдейді.
ХВҚ: әлемдік экономиканың даумы орташа тарихи көрсеткіштен төмен болады
Халықаралық валюта қоры 2024–2025 жылдары әлемдік экономиканың орташа тарихи көрсеткіштен төмен өседі деп болжайды. Бұл инфляциямен күресу үшін орталық банктердің мөлшерлемені жоғарылатуына байланысты. Сонымен қатар экономикалық белсенділікке қысым жасайтын жоғары қарыздар аясында бюджеттік қолдауды қысқартумен және өнімділіктің жалпы өсуінің төмендігімен сипатталады.
Әлемдік мұнай нарығы қалай дамиды?
Министрлік болжамынша, мұнай нарығында бағалар да әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты құбылады. 2024 жылдың қаңтарында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 79,15 АҚШ доллар болды. Ақпанда – барреліне 81,72 АҚШ долларын, наурызда барреліне – 84,67 АҚШ долларын құрады. 2024 жылдың 1 тоқсанындағы орташа баға барреліне 81,76 долларды құрады (2023 жылғы 1 тоқсан – барреліне 82,06 доллар).
Бұл ретте Brent маркалы мұнайдың бағасы бойынша 2024 жылға арналған МҚҰ консенсус-болжамы қандай? «Қара алтын» барреліне 83,7 АҚШ долларын құрайды. 2025 жылға – барреліне 80,2 АҚШ долларға тұрақтайды.
Халықаралық валюта қорының сәуір айындағы болжамына сәйкес, мұнай бағасы 2024 жылы барреліне 78,6 АҚШ доллар болады. 2025 жылы – барреліне 73,7 АҚШ долларын құрайды деп болжануда.
Дүниежүзілік банк мұнай бағасын 2024 жылы барреліне 81 АҚШ долларын және 2025 жылы – барреліне 78 АҚШ долларын құрайды деп болжайды.
Базалық, оптимистік және пессимистік сценарий жазылды
Қазақстан экономикасының дамуына әсер ететін әртүрлі сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтікэкономикалық дамуды болжау үш сценарий негізге алынды.
Базалық сценарий қандай? Министрлік ақпаратынша, ол әлемдік экономиканың тұрақты қалыпты өсу қарқыны, инфляциялық фонды төмендетуге байланысты. Сонымен қатар қаржы және тауар нарықтарындағы тұрақтылық қарастырылған. Экономикасы дамыған елдерде іскерлік белсенділіктің қалыпты өсу қарқынымен артуы болжануда. Дамушы елдерде жаһандық экономикалық процестердегі өзгерістерге бейімделу және жаңа экономикалық және логистикалық байланыстар құру жалғасады.
«Оптимистік сценарий әлемдік экономиканың даму көрсеткіштерінің жақсаруын білдіреді. Әлемдік нарықтардағы неғұрлым қолайлы жағдай және жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуын барынша ретке келуі қарастырылған. Бұл процестер дамыған елдерде де, дамушы елдерде де экономикалық белсенділіктің неғұрлым қарқынды өсуіне әкеледі», – деп жазылған болдамда.
Пессимистік сценарий дамушы елдердің құбылмалылыққа бейімделу процесінің баяулауымен және сауда-санкциялық қарама-қайшылықтардың шиеленісуімен сипатталады.
«Тауарлардың тапшылығы, көрсетілетін қызметтердің шектеулі болуы және белгісіздіктің жоғары деңгейі төмен тәуекелді инвестициялау стратегиясына итермелейді. Бұл экономикалық белсенділік пен қалпына келу процестерінің өсуін айтарлықтай тежейді», – деп жазылған құжатта.
Экспорт пен импорт бойынша болжам
Айта кететіні, Қазақстан экономикасы дамуының макроэкономикалық параметрлерін болжамдаудың базалық сценарийі барреліне 75 АҚШ доллары деңгейіндегі мұнай бағасына сүйене отырып есептелген.
Министрлік дерегінше, нәтижесінде экономиканың орташа жылдық өсуі 6,1 %-ды. Оның ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісінің өсуі орта есеппен тиісінше 5,6% және 6,4% деңгейін құрайды. Тауар экспорты 2025 жылы 82,0 млрд АҚШ долларына жетеді. 2029 жылы 86,1 млрд АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін. Бұл ретте импорт 63,8 млрд АҚШ долларын құрайды. 2029 жылы 69,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі.
Еске сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның экономикасы 5,1% өсімге қол жеткізді. Тауар өндірісі 3,8 %-ға, көрсетілетін қызметтер – 5,8 %-ға өскен еді.