Қазақстанда атом электр станциясын салуға 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін
Қазақстанда атом электр станциясын салу құны 10-12 млрд долларды құрайды. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған «Баламалы энергия көздерін пайдалану туралы» ҚР Заңы жобасының реттеушілік саясатының консультативтік құжатында жазылған.
«Референдумда мақұлданған жағдайда 2035 жылға дейін АЭС салуға 10-12 млрд доллар жұмсалады», – деп жазылған құжатта.
Сонымен қатар Қазақстанда атом энергиясын баламалы энергия көзіне жатқызу ұсынылған. Себебі баламалы және жаңартылатын энергия көздеріне арналған ұлттық заңнама өзгерістер мен өзектендіруді талап етеді.
«Заңнамалық деңгейде баламалы көміртексіз энергия көзі ретінде атом энергиясын анықтап, соңғы трендтерге сәйкес атом энергетикасын осы мәртебеге келтіру», – деп жазылған консультативтік құжатта.
2023 жылғы энергобаланс деректеріне сәйкес Қазақстан Республикасында 112 млн кВт/сағ астам электр энергиясы өндірілді. Өндіріс процесінде атмосфераға 10,7 ГТ көмірқышқыл газы шығарылады. 2023 жылы жаңартылатын энергия көздерін өндіру көлемі 6,67 млн кВт/сағ құрады. Бұл 2022 жылғы ұқсас көрсеткішпен салыстырғанда (5,11 млн кВт/сағ) 30,5%-ға өсуді көрсетті (Қазақстан Республикасының энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің ағымдағы үлесі генерацияның жалпы көлемінің шамамен 5,9% -ды құрайды).
Құжат 27 маусымға дейін ашық талқыланады.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.
Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы Алматы облысының Үлкен ауылында 2023 жылы 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.
Энергетика министрлігі бастапқыда бір 1,2 ГВт қондырғының құны 5 млрд доллар және екі блокты (2,4 ГВт) бүкіл станция үшін 10 млрд доллар қажет екенін мәлімдеген. Кейін 12-15 млрд долларға жуық сома қарастырылды.