Қазақстан күзге дейін қант экспортына тыйым салмақ. Бұл елдегі тапшылықтың алдын ала ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қант экспортына тыйым бағаға қалай әсер етеді? / Архив: kursiv.media

Қазақстан 2024 жылдың 31 тамызына дейін қантты шетелге экспорттауға тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығының жобасында жазылған.

Құжатты қоғамдық талқылау 20 маусымға дейін жалғасады.

«2024 жылғы 31 тамызға дейін құрақ қантының немесе қызылша қантының және қатты күйдегі химиялық таза сахарозаны Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге экспорттауға тыйым салу енгізілсін», – делінген бұйрық жобасында.

Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасының аумағы арқылы қанттың халықаралық транзитті қамтымайды.

Осылайша Қазақстан Ресейден кейін қант экспортына тыйым салуды көздеп отыр. 4 мамырда Ресей үкіметі қант экспортына 2024 жылдың 31 тамызына дейін уақытша тыйым салды. Жарлықта ЕАЭО елдеріне қатысты бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Қазақстан үшін 120 мың тонна қант квотасы қарастырылған.

Бұйрықтың түсіндірме құжатында отандық шикізаттан өндірілген қант Қазақстанның ішкі нарығы қажеттілігінің 13%-ын ғана қамтамасыз ететіні, қалған бөлігі шикізатты өңдеу және ЕАЭО елдерінен дайын қантты жеткізу есебінен өтелетіні көрсетілген (Ресейдің үлесі – 57%, Беларусь – 1,5%).

Бүгінде Қазақстанда 136 мың тонна қант қоры бар. Министрлік бұл 2,5-3 айдың ішінде тұтынуға жетеді деп есептейді. Ресей де Қазақстанға квота аясында 120 мың тонна қант жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл Беларусьтен келетін импортты есептемегенде, қосымша 2,5 айға ішкі нарықтың қажеттілігін өтейді. Нәтижесінде Қазақстанда 156 мың тонна қант қоры болады.

Еске сала кетсек, 26 наурыз бен 2 сәуір аралығында қант 1,4%-ға қымбаттады. Соңғы рет мұндай өсім 2022 жылдың тамыз айының басында тіркелген болатын. 2024 наурызда Қазақстандағы қант өндірісі бір жылда 98%-ға құлдыраған. Ақпан айында шекер, шикі және тазартылған патока өндірісінің көлемі 5,4 мың тоннаны құрады.

Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 46%-ға және бір жыл бұрынғыдан 78%-ға аз. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, мұның бәрі 2020 жылдың тамызынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Сондай-ақ оқыңыз