Екібастұздағы ЖЭО-ға қосымша 3,4 млрд теңге бөлінеді – Үкімет

Жарияланды
ЖЭО-2 ЖЭО-3

Үкімет Екібастұз қаласындағы жылу электр орталықтарын жаңғыртуға резервтен 3,4 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат қазандық агрегаты мен су магистралін салуға жұмсалады. Бұл жайлы Үкімет үйі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министрі Олжас Бектенов Екібастұз ЖЭО-сын одан әрі жаңғыртуға Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойған.

Сонымен Екібастұз ЖЭО-сының төрт қазандық агрегатын күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін салу үшін Павлодар облысының бюджетіне 3,4 млрд теңге сомасындағы қаражат аударылады. Мұндағы қазандық агрегатын күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге, су магистралін салуға 988 млн теңге жұмсалмақ.

«Бұл шаралар жылу көзінің үздіксіз жұмыс істеуіне, төтенше жағдайлар туындау қаупін азайтуға, тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, Екібастұз қаласының әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді»,- делінген баспасөз хабарламасында. 

Айта кетейік, 2023 жылы үкімет резервіндегі қаражат есебінен қаланың 5 су жылыту қазандығы мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде қыстыгүні жылыту маусымы еш іркіліссіз өткен.

Енді Екібастұз ЖЭО-да күлден гидравликалық тазартуға арналған тұндырылған су беру жүйесін жаңғырту жоспарланған. Бұл жүйе 1986 жылдан бері жаңартылмаған. Нәтижесінде оның құрамына кіретін құбырлар тозған. Сол себепті де қазіргі уақытта судың жаңа магистралін салу басым міндеттердің бірі болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкімет резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам және Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінген болатын.

Жалпы, биыл Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Жезқазған, Ақтөбе, Степногорск, Рудный, Балқаш және басқа да қалаларда энергия блоктарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз