Ұлттық экономика министрлігі инфляцияны қалай төмендетеді - министр жауап берді

Жарияланды
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ішінде инфляция деңгейі бойынша алдағы орында / Фото: kursiv.media

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ішінде инфляция деңгейі бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Бұл жайлы Мәжілісте өткен жиында депутат Нурыз Сайлаубай айтты.

Депутат Ұлттық экономика министрінен инфляцияны төмендетуге қатысты қандай шаралар жүзеге асырылатынын сұрады. Ол Қазақстанда инфляция деңгейі жоғары екенін, тарифтердің, тұтыну тауарларының, қызметтердің біршама көтерілгенін, мұның халықтың әлеуметтік жағдайын теріс әсер ететін айтты.

«Жоғарғы аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, 2023 жылы инфляцияның деңгей 9,8% болды. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында біз көш бастап тұрмыз. Атап айтқанда, Арменияда инфляция 0,6%, Беларусияда – 5,8%, Қырғызстанда – 7,3%, Ресейде – 7,4%-ды көрсетіп тұр. Осының кесірінен ақылы көрсетілетін қызметтер 12,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9,1%, азық-түлік тауарлар 8,5%, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер 9,8%-ға өскен. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтерінің тарифтері 13,9%-ға, жылыту – 26,1%-ға, электр энергиясы – 19,9%-ға қымбаттаған. Инфляцияның өсуінің басты себебі – халық тұтынатын тауарлардың елімізде өндірілмеуі және де әлсіз болуы, импортқа тәуелді болуында. Осының кесірінен халықтың қалтасына үлкен ауыртпашылық түсіп отыр»,- деді депутат.

Сауалын Нұрлан Байбазаровқа жолдаған ол министрліктің инфляцияны қалай төмендететінін, қандай кешенді шаралар атқарылатыны жайлы сұрады. Министр инфляция деңгейінің басқа елдермен салыстырғанда жоғары екенін, бірақ оның депутат айтқан шектен сәл төмендеу екенін атап өтті.

«Мамырдағы жағдай бойынша инфляцияның деңгейі 8,5 пайыз болып тұр. Қандай бағыттар бойынша бағалардың қымбаттап жатқанын біз, әрине, білеміз. Біздің мақсатымыз – инфляцияны 6,8% деңгейінде ұстап тұру. Оны орындау үшін бар күшімізді саламыз. Ол үшін біз инвестициялық жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Бұл орайда біздің нақты жоспарымыз бар»,- деді министр.

Айтуынша, биылдан бастап «Бәйтерек» холдингі ауыл шараушылығы тауарларын қайта өңдеуге қомақты қаржы бөледі. Сонымен бірге Қазақстан Даму Банкі 1 трлн астам жобаларды инвестициялауға дайындалып жатыр. Бұл қаражаттар қан, көкөніс, тауық еті, ет өнімдері, сүт өнімдері сынды маңызы бар өнімдерді өндіруге бағытталады. Солайша бұл өнімдер бойынша импортқа тәуелділікті азайту көзделген.

«Сонымен бірге елде өндірістік тауарлар бойынша импорттық тәуелділік бар екені жасырын емес. Атап айтқанда құрылыс материалдары саласында, өнеркәсіптік жабдықтар бойынша біз көп тауарларды импорттаймыз. Елімізде бұл бағыттар бойынша тиісті инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Басқа да жоспарларымыз бар. Алдағы уақытта осы саланы дамытуға қаржы бөлеміз. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» қоры мен екінші деңгейдегі банктерді тартамыз»,- деді Байбазаров.

Айта кетейік, мамыр айының қортындысы бойынша елде жылдық инфляция қайтадан баяулап, 8,5%-ды құрады.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,2% (орташа республикалық деңгейден 0,8 п.т. жоғары) тіркелген. Ең төменгісі 0,1%-бен Ұлытау облысында қалыптасқан. Тұтыну бағасының индексі Шымкент қаласында, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 100% құрады.

Мамыр айында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында азық-түлік тауарларының бағасы – 0,4%-ға өсті. Сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауарлардың құны 1,2%-бен Маңғыстау облысында өскені байқалады. Астана қаласында ақылы қызметтердің құны 2,5% өскен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ақылы қызметтер бағасы 1%, азық-түлікке жатпайтын тауарларың бағасы – 0,5% өскен, ал азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз