Квазимемлекеттік сектор қаражатты уақытылы игермегені үшін Парламент алдында жауап беруі керек – Смайылов

Жарияланды
Смайылов бюджет қаражатын уақтылы игермегені үшін квазимемлекеттік секторды жауапқа тартуды ұсынды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жоғары аудиторлық палата квазимемлекеттік секторды бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені үшін жауапқа тартуды ұсынды. Бұл жайлы Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

«Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді»,- дейді ол.

Айтуынша, квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. Олар 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған.

«Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр. Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай. Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс. Қаражатты бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет. Ресурстарды экономикаға және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдалану керек»,- дейді палата төрағасы.

Смайылов экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылатынын, бизнесті қолдауға қомақты ресурс жұмсалып отырғанын айтты. Сонымен бірге бұл мәселелерді ашық айтып, экономика үшін осындай қолдаудың тиімділігін жан-жақты талдау мәселесін де қозғады. Айтуынша аудиторлақ палдата өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитіне кіріскен. Нәтижесі биыл жарияланады.

Палата төрағасы сонымен бірге мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрағанын айтты.

Айтуынша, тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмаған. Ал кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып кеткен. Уақытында аяқталмауы салдарынан жобалардың 60%-дан астамы қымбаттап кеткен. Осы орайда Смайылов жобаларды орындауда тәртіп орнатуды ұсынды.

«Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәртіп орнату керек. Жобалардың субъективті себептерге байланысты қымбаттау ауыртпалығы тек мердігерлерге жүктелуі қажет. Ал тапсырыс берушілер тарапынан жобалардың іске асырылу мерзімдеріне ықпал етіп, олардың сметалық құнының ұлғаюына әкеп соққан кідіріс мемлекеттік қызметке кері әсер ететін теріс қылықтар санатына жатуы тиіс»,- деді Смайылов.

Айта кетейік, Самйылов жиында өз міндетіне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң болатынын ескертті.

«Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен премьер-министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін. Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды.Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді»,- деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз