Жоғары аудиторлық палата мәлімдемесі: өз міндетіне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң болады

Жарияланды
Жоғары аудиторлық палата төрағасы статистика жүйесін цифрландыру жұмыстарын сынға алды / Фото: Жоғары аудиторлық палата

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс отырысында баяндама оқып, бюджеттің атқарылуындағы кемшіліктерге тоқталды. Айтуынша, жобалар орынсыз кешіктіріледі, салдарынан оның шығыны арта түседі.

Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілгенімен, оның тек 38%-ы ғана игерілген.

«Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды. 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған»,- деді Смайылов.

Ол дәл осылайша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардың уақтылы орындайлмай жатқанын атап өтті. Айтуынша, 227 объект бойынша жобалау аяқталмаған. Ал жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.

«Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен премьер-министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін. Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды.Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді»,- деді ведомство басшысы.

Сонымен бірге Смайылов елдегі статистика жүйесін цифрландыру жұмыстарын сынға алды. Ол бұл бағытта сапалы өзгерістер болмағанын айтты.

«Цифрландырудың дамыған заманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады. Барлық көрсеткішке қол жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылау үшін оларды толық цифрландыру жоспарын тездету өте маңызды»,- деді Смайылов.

Палата төрағасы жобалардың орындалу мерзімін ұзартуды және олардың қымбаттауы тәжірибесін шектеу қажет екенін айтты. Жоспарлаудан бастап оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімдерді қысқартуды, бюджеттік әкімшілерге міндетті түрде типтік жобаларды қолдануды міндеттеуді ұсынды.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата 2023 жылғы бюджеттің атқарылуынан 87,7 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын анықтаған болатын. Аудиторлар соңғы 5 жыл қатарынан республикалық бюджет кірісінен шығысы жыл сайын асып түсіп отырғанын байқаған. Аудиторлар бұл жайт жинақталған қаржылық нәтиженің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді. Аудиторлар соңғы 5 жыл қатарынан республикалық бюджет кірісінен шығысы жыл сайын асып түсіп отырғанын байқаған. Бұл жайт жинақталған қаржылық нәтиженің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Сондай-ақ Жоғары уадиторлық палата Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметінен бірқатар олқылықтар анықталғанын хабарлаған болатын. Алматы қалалық бюджетінен қомақты қаражат Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының жекелеген мемлекеттік қызметкерлеріне сыйақыға жұмсалған. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйақы төленген. Жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға сыйақы беріліп келген. Салдарынан іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға қажетті сома төленбеген. Сонымен бірге сыйақыға лайық адамдарға үстемақы берілмеген. 

Сондай-ақ оқыңыз