Мені алдай алмайды: Смайылов премьер-министр болған кезде үкіметтен алынған қаражаттың қайда жұмсалғанын бақылауда ұстайтынын айтты

Жарияланды
Смайылов
Әлихан Смайылов бұрынғы қызметіне баға берді / gov.kz, бильд-редактор: Денис Андреев

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов өзінің премьер-министр болғандағы қызметіне баға берді. Экс-премьер-министр үкімет басында отырған кезеңде Қазақстан экономикасы ауыр кезеңдерді бастан кешкенін, қиындыққа қарамастан, үкімет өзіне жүктелген міндетті орындай алғанын айтты. Палата төрағасы қазіргі қызметінде де нәтижелі жұмыс істейтінін, жұмсалған қаражаттың әр тиыны қадағаланатынын және өзін ешкімнің де алдай алмайтынын мәлімдеді.

Мәжілістен кейін өткен брифингте Жоғары аудиторлық палата төрағасынан журналистер оның өткен қызметі жайлы сөз қозғады. «Сіз бұрынғы жұымысыңызда шешілмеген қандай экономикалық мәселе қалды деп ойлайсыз?» деп сұрады журналист.

Әлихан Смайылов үкіметке басшылық еткен тұста сындарлы кезеңдерден өткенін, Қаңтар оқиғасы мен геосасяи жағдайдың ел экономикасына ауыр тигенін атап өтті.

«2022 жылдан баста қаңтар оқиғасы болды, алқапанда аяқасты геосаяси жағдай нашарлап кетті. Көрші ел мен Батыс елдерінің арасында қайшылық туындады. Содан бері санкция мен контр санкция талаптарын орындаумен келеміз. 2022 жылы әлем бойынша азық-түлік тауарлары қымбаттады. Нәтижесінде, Еуроаймақтың бірқатарт елдерінде инфляция 20 пайыздан асып түсті. Логистикалық байланыс үзілді. Жеткізілімде қиындықтар әлі де бар. Бізге осы жағдайда ел экономикасын тұрақты сақтап қалу міндеті жүктелді. Біз бұл міндетті орындадық деп ойлаймын. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызды құрады. Инфляцияны екі есе төмендеттік. Қажетсіз талаптарды алып тастап, кәсіпкерлікті дамытуға жол аштық. Транскаспий бағытын дамыту мақсатында ірі жобаларды қолға алдық»,- деді Смайылов.

Осы орайда журналистер енді аудиторлық палатаның төрағасы ретінде өзінің 2023 жылғы премьер-министр ретіндегі жұмысына баға беріп жатқанын айтты.

«Осы орайда жұмысыңызда қайшылық бар деп ойламайсыз ба? Сіз қаншалықты шынайы есеп бердіңіз?»- деп сұрады журналист.

Смайылов қайшылық жоқ екенін айтты. Керісінше сол кездегі қызметінің артықшылықтарын қазір пайдалануға жағдай туып отырғанын жеткізді.

«Қайшылық жоқ. Өйткені мен премьер-министр болған кезде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері келіп, менен осы бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қаражатты сұрады. Олардың менен бұл қаражатты қандай негізде, қандай мақсатта сұрағаны өте жақсы білем. Ол кезде біз бюджеттік процестер негізінде тиісті қаражатты нақты мәселелерді шешуге белгілеп бағдарлаған едік. Ал мен Палата төрағасы ретінде сол қаражаттың қаншалықты мақсатқа сай жұмсалғанын, қаншалықты тиімді пайдаланылғанын іс жүзінде бақылай аламын. Енді олар әртүрлі аргумен айта алмайды. Себебі, мені алдай алмайды. Олар үкіметтен қаражат алғанда маған нақты аргументтепр келтіріп, неге жұмсалатынын айтты. Сол үшін де мен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде осы жұмысты тиімді жүргізе аламын»,- деді ол.

Смайылов сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата аудиттік тексерістері ашық жүргізілетінін мәлімдеді. Сол себепті де аудиттік тексеріс нәтижелері мен бюджеттік атқарылудағы кемшіліктер БАҚ-та ашық жарияланып жатқанын айтады. Мәселен, өткен жылдың бюджеттік атқарылуына қатысты жүргізілген аудиттік тексеріс барысында жауапты органдардың жұмысынан біршама кемшіліктер анықталғанын, олар бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту үшын құзырлы органдарға 760 құжат жіберілгенін хабарлады.

Еске сала кетейік, Смайылов Мәжілісте өз міндетіне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң болатынын ескертті.

«Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен премьер-министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін. Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды.Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді»,- деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз