Жаңалықтар

2023 жылы салық түсімдері есебінен бюджет кірісі 4 трлн теңгеге артты – Қаржы министрі

бюджеттік кірістер

2023 жылы бюджеттік кірістер 4 трлн теңгеге артқан. Бұл жайлы Мәжіліс отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

«2022 жылмен салыстырғанда кірістер 4 трлн теңгеге ұлғайды, оның 2,9 трлн теңгесі 29%-ға өскен салық түсімдеріне байланысты»,- деді министр.

Жалпы республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалып, бюджетке 19 трлн теңге түскен. Оның ішінде, республикалық бюджеттің меншікті кірістері 14,5 трлн теңгені құрап отыр. Ал салық түсімдері 12,9 трлн теңгені құраған.

Салықтың түсімдер мына компаниялардың есебінен артқан:

  • «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на – 273,3 млрд теңге;
  • «Uranium One Group» АҚ-нан – 160 млрд теңге;
  • «Кселл» АҚ – 78,3 млрд теңге;
  • «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС-нен – 78 млрд теңге;
  • «TEX ALLIANCE» ЖШС 55,2 млрд теңге салықтық түсім түскен.

Министр сонымен бірге өткен жылдың жақсы көрсеткіштермен аяқталғанын, 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 5,1%-ды құрағанын айтты. Бұған негізгі капиталға инвестициялардың  өсуі мен экономиканың негізгі салалары, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда-саттық,, көлік салаларының дамуы есебінен қол жеткізілген.

Ал бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6%-ды құраған. Такиев сонымен бірге 2023 жылғы қаражаттың игерілуіне де тоқталды.

«Жалпы, өткен жылы қаражатты игеру тәртібі едәуір жақсарды. Мәселен, бюджет шығыстары 99,6%-ға атқарылды және 22,4 трлн теңгені құрады. Игерілмеген қаражат – 73 млрд теңгені, ал үнемдеу, Үкімет резервін қоса алғанда – 27 млрд теңгені құрады»,- деді Такиев.

Министр сонымен бірге Ұлттық қордың қаражатын басқару тиімділігі бойынша оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Айтуынша, Ұлттық қордың активтері өткен жылға қарағанда 13,4%-ға ұлғайып, 65,7 млрд долларды құрады. Ал кепілдендірілген трансферт – 4-тен 2,2 трлн теңгеге дейін екі есе төмендеген.

Такиев бюджеттің атқарылуынан біршама кемшіліктерді анықтаған Жоғары аудиторлық палатаның квазимемлекеттік секторда бюджеттік қаражаттардың атқарылуына қатысты ескертепелеріне қатысты да жауап берді. Министр жаңа Бюджет кодексі шеңберінде тиімді және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін тиісті жағдайлар көзделіп отырғанын айтты. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатты игеруіне қатысты мониторинг жүргізу мәселесі қарастырылатынын да жеткізді.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатты игеруіне мониторингті және олардың есептілігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар қабылданатын болады. Бұл ретте таза кірістің кемінде 70%-ы дивидендтер төлеуге жіберу мәселесін, Үкімет қосымша қарайтын болады»,- деді Такиев.

Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілері үшін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашу бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы мен халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, қаралатынын мәлімдеді.