Үкімет тасқын судан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеп жатыр. Бүгінгі күні оларға 377 млн теңге көлемінде өтемақы төленген. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Зардап шеккен 34 ШОБ субъектісінің жалпы сомасы 377 млн теңгелік шығыны өтелді. Барлық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Шығындарды өтеу және құжаттарды тапсыру тәртібін түсіндіру үшін 1432 нөмірі бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП «жедел желісі» іске қосылды»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккен 717 отбасына жаңа үй мен пәтер берілген. Оларға қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер табыс етілген. Қостанай облысының тұрғындарына 298 үй ұсынылса, Ақмола облысында – 85, Ақтөбе облысында – 121, Солтүстік Қазақстан облысында – 135, Батыс Қазақстан облысында – 70, Қарағанды облысында – 6, Павлодар облысында – 2 отбасы жаңа баспанаға ие болған. Бұдан бөлек зардап шеккен тұрғындарға арнап шамамен 1 862 жаңа үй салынып жатыр.
Ал 31 552 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алған. 3 981 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге деп өтемақы алса, 5 066 отбасына жоғалған аса қажетті дүние-мүлкін сатып алу үшін 150 АЕК мөлшерінде қосымша көмек көрсетілген.
Еске сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірлеген болатын.
Мүліктік шығынға өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі.