ҰҚК операциясын бұзған банк қызметкерінің бас бостандығы шектелді
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Б.-ға қатысты істі қарады. Оған Қылмыстық кодекстің 407-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасады деген айып тағылды.
Банктегі заң кеңесшісі жұмыс кезінде сотқа дейінгі тергеуден түскен сауалдан танысы туралы мәліметті көрген. Кейін ол танысына қоңырау шалып, қылмыстық іс бойынша оның туысына қатысты ақпаратты хабарлаған.
Осының салдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының арнайы операцияны тоқтатуына тура келді. Құпия операция бойынша қауіпсіздік құрылымдары Астана қаласына атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жеткізуге тосқауыл қоймақ болған.
Сот барысында сотталушы кінәсін мойындамады, қорғаушы тарап оны ақтауды сұрады. Бірақ куәгерлердің айғақтары, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындылары үкім шығаруға жеткілікті болды.
Жаза тағайындалған кезде айыпталушының жас балаларының бар екені ескерілді. ҚК-ның 407-бабы бойынша сот үкімімен кеңесші бір жыл мерзімге банк қызметі саласында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Оған қоса бір жылға бас бостандығы шектелді.
Айта кетейік, Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ адамдарды ұрлап, оларға мәжбүрлеп несие рәсімдеумен айналысқаны туралы жазған едік.