Жаңалықтар

Алматыда велоспорттан Азия чемпионатының өтуіне байланысты қалаішілік қозғалыс уақытша шектеледі

Алматыда қалаішілік қозғалыс уақытша шектеледі / kursiv.media

Алматы қаласында алғаш рет тас жолда велоспорттан Азия чемпионаты өтеді. Чемпионатта элита, жасөспірімдер, жасөспірімдер және параспортшылар және Мasters санаттары бойынша велошабандоздар сынға түседі.

Осыған байланысты Алматы қаласының көшелері уақытша жабылып, жолдардағы қозғалыс шектеледі.

«6-12 маусым аралығында континенттік біріншілік өткізілетін жерлерде жолдарда қозғалыс ішінара жабылатын болады», – деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

6, 7, 8 маусым күндері  сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін Б. Момышұлы көшесінің батыс жағымен солтүстік бағытта «Алматы Арена» кешенінен Саин көшесіне дейінгі жол учаскесіндегі қозғалыс жабылады. Жарыс «Алматы Арена» кешенінде басталады. Одан кейін спортшылар Мәдениет шағын ауданына және мәре басталатын нүктеге бұрылады. Қала тұрғындары мен қоғамдық көлік жолаушыларына ыңғайлы болу үшін жолдың шығыс жағында кері қозғалыс ұйымдастырылады.

9, 10, 11, 12 маусымда Б.Момышұлы көшесінің батыс жағындағы жол учаскесіндегі «Алматы Арена» кешенінен Алматы индустриялық аймағына дейінгі қозғалыс жабылады. Қала тұрғындары мен қоғамдық көлік жолаушыларына ыңғайлы болу үшін жолдың шығыс жағында кері қозғалыс ұйымдастырылады.

Жолдарды жабу кестесі:

  • 9 маусым 09:00-ден 18:00-ге дейін
  • 10 маусым 07:00-ден 11:00-ге дейін; 12:00-ден 16:30-ға дейін
  • 11 маусым 07:00-ден 13:00-ге дейін
  • 12 маусым сағат 9:00-ден 14:30-ға дейін

Алматы әкімдігі Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында көліктер қозғалысының сызбасы өзгертілетінін де мәлімдеді. Осы қиылыста жол айрығын салу көзделген. 7 маусымнан бастап автокөлік қозғалысы шектеледі.

Еске сала кетейік, 3 мамырда Үлкен Алматы айналма жолының кейбір учаскелерінде көлік қозғалысы шектелді. Әкімдік 1 ай бойы айналма жол жолақтары мен қауіпсіздік белгілері жаңартылатынын хабарлаған.