«Алкогольден де қауіпті»: Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынады
Елімізде енді 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынады. Мәжіліс депуттатары тиісті түзетулерді қабылдады.
Депутат Елнұр Бейсенбаев лудоманиямен күрес жоспары туралы баяндамасында энергетикалық сусындар туралы мәселені де көтерді. Оның айтуынша, балалар арасында энергетикалық сусындарды тұтыну кең таралып кеткен және оның алкогольден де қауіпті екенін атап өтті.
«Құмар ойындарға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындардың негізгі тұтынушылары болып отыр. Сонымен қатар, ҚМА мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойындар ойнаған», — деді Бейсенбаев.
Депутат бұл қатардағы жасөспірімдер «энергетикалық сусынның кесірінен мас күйінде бәс тігуі мүмкін екенін айтады.
«Қазір тіпті 10 жасар бала да энергетикті оңай сатып ала алады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды», — деді депутат.
Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды қолдаған болатын. Министрлік зерттеуіне сәйкес мұндай сусындарды тұтыну жасөспірімдерде әдетке немесе тәуелділікке айналуы мүмкін. Бұл дұрыс емес тамақтану әдеттеріне әкеледі. Сондай-ақ физикалық белсенділіктің төмендеуіне және темекі шегу немесе алкогольді ішу сияқты жаман әдеттерге әкелуі мүмкін екен.
Алматы халқы жыл сайын 9 млн литр энергетикалық сусын тұтынады
Министрлік мәліметінше энергетикалық сусындар нарығының көлемі жыл сайын артып келеді. Euromonitor International деректері бойынша 2022 жылы Қазақстан Республикасының нарығында бөлшек сауда арналары арқылы энергетикалық сусындарды сату көлемі бағаның айтарлықтай өсуіне қарамастан, 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға артқан.
Ал 2017 жылмен салыстырғанда энергетикалық сусындарды сату көлемінің өсуі 198%-ды құраған. 2017 жылғы 61,7 мың тоннадан 2022 жылы 184 мың тоннаға дейін ұлғайған.
Ең қорқынышты статистика тек бір Алматы қаласының халқы жыл сайын 9 млн литр энегретик тұтынады екен.