Жаңалықтар

Еуропалық Одақтың Ресей мен Беларусь ауыл шаруашылығы өнімдеріне салған санкциялары Қазақстанға қалай әсер етеді?

Серік Жұманғарин Қазақстанның санкциялық қысымға төтеп бере алмайтынын айтты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге және басқа елдерге қатысты санкциялық саясатын қолдамайды, бірақ оны орындауға мәжбүр. Бұл жайында Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин айтты. Ол Ресейге салынған санкциялар еліміздегі бидай экспортына қалай әсер ететінін түсіндірді.

«Шын мәнінде бұл бізді өте қатты жанап өтіп жатыр. Осының салдарынан көптеген логистикалық және сауда тізбектері үзілді. Біз санкция салушы коалицияның мүшесі емеспіз және осы біржақты санкциялық саясатты қолдамаймыз. Бірақ ол санкцияны сақтаймыз, өйткені бізге экономикалық тұрғыдан тиімді. Экономикамыз соншалықты үлкен емес. Сәйкесінше, біз санкциялық қысымға төтеп бере алмаймыз, бірінші кезекті әрине біздің кәсіпорындар. Сондықтан үнемі диалог орнатып келеміз», – деді Премьер-министр орынбасары мәжіліс кулуарында.

Серік Жұманғариннің сөзінше, бұл мәселе бойынша Қазақстанда жұмыс тобы құрылған. Олар «шешім қабылдайтын» АҚШ және Еуропалық одақ елдерімен байланыста.

«Бұл тынымсыз жұмыс, біздің сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстанның үнемі ескертуге мүмкіндігі бар. Біз әрдайым белгілі бір компанияларға қандай шара қолданылатынына қатысты ескерту алып отырмыз»,-деді Жұманғарин.

Вице-премьер Ресей астығына қойылған шектеулердің Қазақстанға қандай әсерін тигізіп жатқанын да түсіндіріп берді.

«Еуропалық Одақ Ресей мен Беларусь бидайына импорттық баж салығын енгізді. Бұл өте салмақты аргумент. Енді осы шектеулер Қазақстанға әсер ете ме, жоқ па, соны түсінуіміз керек, өйткені біз Еуропалық Одаққа айтарлықтай көп бидай экспорттаймыз. Бұл тұрғыда жетістіктер де, сәтсіздіктер де бар. Бірақ жүргізіліп жатқан санкциялық саясат аясында біз өз ұстанымдарымызды, әсіресе кәсіпкерлеріміздің санкцияға ілінбеуі үшін олардың мүдделерін қорғап жатырмыз»,- деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, ЕО Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тауарлар экспортына санкция салуды қарастырған. Санкциялар пакеті санкцияларды қасақана айналып өтетін Ресей мен үшінші елдердің фантом фирмаларына тыйым салуға бағытталады.

Бұған дейін АҚШ Ресей уранынан бас тарқан еді. Президент Джо Байден шикізатты елге импорттауға тыйым салатын заңға қол қойған. Заң 2028 жылдың қаңтарына дейін АҚШ Энергетика министрлігі басқа жеткізу көздері болмаса, Ресей Федерациясынан уран импорттауға рұқсат бере алады. Шектеу 2040 жылға дейін күшінде болады.