Жаңалықтар

Олигархтар утильалымнан пайда тауып отыр ма – Скляр жауап берді

Роман Скляр утильалым қаражатын ұрлауға тыйым салды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Егер утильалымды алып тастаса, онда оны бюджеттен өтеуге тура келеді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп мәлімдеді.

Мәжіліс кулуарында бірінші вице-премьер елімізде утилизациялық алым төлемін не себепті біржола алып тастауға болмайтынын түсіндірді. Айтуынша, утильалымы жанама салықтың бірі болып отыр.

«Мен бұл туралы бірнеше рет айттым. Жанама салық екенімен келісетін шығарсыз. Қаржы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауындағы «Жасыл даму» акционерлік қоғамы арқылы жұмсалады. Экономикалық қажеттіліктерге жұмсап жатқан бұл кірістерден айырылсақ, онда оны бюджеттен өтеуге тура келеді. Бұл – салық. Ешкім салық төлеуді ұнатпайды. Бірақ бұл қажет», – деді Роман Скляр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұл утильалымның ақшасы екенін және оны ұрлауға жол берілмейтінін айтты. Ол утильалымнан кейбір олигархиялық топтар пайда көріп отыр деген ақпаратқа де түсініктеме берді. Қоғамда айтылып жүрген мұндай пікірлердің дұрыс еместігін айтады.  Сөзінше, 5 млн азаматтың ойы 20 млн қазақстандықтың пікірі дегенді білдірмейді.

«Қазақстанда автокөлік пайдаланбайтын 15 миллион адам бар. 5 млн автомобиль тіркелген. 15 млн адамнан қалай ма, қаламай ма – пікірін сұраған ешкім жоқ. Әңгіме басқада – бізде қалыпты экология бола ма, жоқ па?! Біздің өнеркәсібіміз дами ма?! Біздің құрастыру зауыттарымызды арзандатуға болмайды. Олар дамып келеді. Онда адамдар жұмыс істеп, жалақы алып, салық төлейді. Мұны ескеру керек», – деп түсіндірді бірінші Вице-Премьер Мәжіліс кулуарында.

 Скляр осы мәселеге қатысты петиция қарауға келіп түскенін және ол жан-жақты қаралатынын жеткізді.

Айта кетейік, Роман Скляр утильалымды жою ескі көліктердің қаптауына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады деп тұжырымдайды. Бұл туралы ол primeminister.kz сайтына берген сұхбатында айтты. Сонымен қатар ол кәдеге жарату алымын енгізу себептерін түсіндірді.

«Қазақстан ДСҰ-ға кіру арқылы өзіне міндеттемелер алып, өз нарығын ашты. Кедендік баж салығы 15%-ды құрады. Дегенмен, көлік шығаратын және кәдеге жарату алымын енгізген Ресей Федерациясымен және Беларусьпен біртұтас экономикалық кеңістікте бола отырып, біз бұдан қалыс қала алмаймыз. Олар утилалымын енгізді, жауап ретінде біз де бұл төлемді енгіздік. Бірақ содан кейін Экологиялық кодексте жеке ӨКМ операторы осы жанама салықтан келетін қаражатты басқаратын норма болды. Жағдайды 2022 жылы түзетті, қазір экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жасыл даму» АҚ атынан мемлекет тікелей бенефициар болып табылады», — деді ол.

Бірінші вице-премьер жанама салық түрінде түсетін қаражат есебін «Жасыл даму» АҚ жыл сайын беріп отыратынын айтады. Сонымен бірге отандық автопаркті жаңарту, қалдықтарды қайта өңдеу саласын қалыптастыру және өз өндірісін дамыту бойынша басқа да міндеттер шешілуде.

Мәселен, 2022 жылы жеңілдетілген автокредит беруге 100 млрд теңге, автобус лизингіне – 30 млрд теңге бағытталды. Тракторлар мен комбайндардың лизингіне 2023 жылы 50 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, өңдеу саласын қаржыландыруға 265 млрд теңге қарастырылған.

Склярдың пайымдауынша, барлық кедергілерді, соның ішінде 3 жылдан асқан автомобильдерге тіркеу алымын алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеліп соғады екен.

Еске сала кетсек, E-Petition.kz ресми порталында жарияланған қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Оның 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатыны жазылған.