Archer Aviation компаниясы аэротакси қызметін іске қосуға рұқсат алды
Archer ұшақтарына АҚШ Мемлекеттік реттеушісінің ұшуға жарамды деген сертификаты әлі берілген жоқ Фото: Archer Aviation
Stellantis, Boeing және United Airlines инвестиция салған электр аэротакси өндірушісі Archer Aviation коммерциялық қызметті іске қосу үшін АҚШ федералды авиация әкімшілігінен (FAA) рұқсат алды деп жазады Reuters. Компания акцияларының құны сәрсенбідегі саудада 6%-дан аса қымбаттады.
Толығырақ
Тік ұшып, тік қонатын электр ұшағын (eVTOL) жасайтын Archer Aviation компаниясы коммерциялық қызметін бастау үшін сәрсенбіде FAA тарапынан сертификат алғанын хабарлады. Бұл – АҚШ-тағы электр аэротаксиін жасайтын екінші компания. Ол әуе көлігін коммерциялық мақсатта пайдалануға рұқсат беретін Part 135 құқығына ие болды. Біріншісі – осы рұқсатты 2022 жылы алған Joby Aviation компаниясы.
Алайда Archer-дің төрт орындық алғашқы eVTOL ұшағына қауіпсіздік стандарттарына сай екенін растайтын FAA ұшу сертификаты әлі берілген жоқ дейді Reuters. Компания әзірге өзінің «жұмыс жүйесі мен рәсімдерін» жетілдіре түсу үшін, кәдімгі ұшақтарды қолданатынын айтты.
Авиация саласындағы төңкеріс
Archer – қысқа қашықтықтағы қалаларға әуе саяхатын ұсыну арқылы, осы салада төңкеріс жасауға ұмтылып жатқан eVTOL ұшағын шығаратын компаниялардың бірі. Бірақ бұл салада жиі кездесетін нормативтік және технологиялық қиындықтар баршылық. Соның бірі, мысалы, электромобильдерге арналған аккумулятордың жоқтығы. Мұның бәрі eVTOL өндірушілердің акция бағасына кері әсер етеді деп жазады Reuters. Archer бағасы биыл 45%-ға, ал Joby Aviation акцияларының құны 20%-ға төмендеді.
Соған қарамастан ірі компаниялар eVTOL өндірушілердің болашағына сенім артады. Осы жылдың басында автокөлік шығаратын Stellantis корпорациясы Archer-дегі үлесін 8,3 миллионға көбейтіп, LSEG мәліметі бойынша компанияның ең ірі акционеріне айналды. Сонымен қатар, Archer-де Boeing пен United Airlines-тің де үлесі бар. MarketAndMarket-тің болжамы бойынша, егер 2023-2030 жылдар аралығында eVTOL-авиация нарығының орташа өсу қарқыны 52% болса, 2030 жылға қарай ол 23,4 млрд долларға дейін өсуі мүмкін. Аккумулятор мен күш қондырғыларын жасау технологиясын жетілдіру – осы нарықты өсіретін негізгі драйвер болмақ.
Акцияның жайы
Сәрсенбідегі негізгі сессияда Archer Aviation қағаздары 6,15%-ға қымбаттап, бір акция үшін 3,45 долларға дейін өсті және кеңейтілген саудада баға көтеріле түсті. 2021 жылы Archer Aviation ашық компанияға айналған кезден бері, акциялар құнының 66%-ын жоғалтты. MarketWatch мәліметі бойынша, компанияның қағаздарын жеті сарапшы бақылайды. Олардың алтауы Archer акциясын сатып алуды, ал біреуі бұрын сатып алған қағаздарды портфельде ұстауды ұсынады. Акциялар бағасына қатысты консенсустық болжам 8,64 доллар болып тұр, бұл 150%-дық өсуді білдіреді.