Жаңалықтар

Спорттық киім өндіруші – канадалық Lululemon компаниясының акциясы қымбаттады

Lululemon Athletica Қытай нарығында кең таралуды көздейді / Фото: shutterstock

Канадалық спорттық киім мен аксессуарлар өндіруші Lululemon Athletica-ның бағасы Нью-Йорктегі постмаркетте шамамен 10%-ға өсті. Бұған дейін жыл басынан бері қағаздарының құны  40%-ға төмендеген компания бірінші тоқсанда нарықтағы кірісі жөнінен жұрт күткеннен әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Осыған орай жылдық болжам да жақсара түсті.

Толығырақ

Lululemon-нің бірінші тоқсандағы пайдасы нарық күткен шамадан асып, оның ағымдағы қаржы жылындағы кірісіне қатысты болжам да көтерілді. Соның арқасында кеңейтілген саудада компанияның баға белгіленімі 9,7%-ға өсті. Бағаның өсу шыңы 13%-ға жетті деп жазады Bloomberg.

Спорт тауарларын өндірушінің пайдасы 28 сәуірде аяқталған қаржылық тоқсанда бір акция үшін 2,54 долларға, жалпы есептегенде 321,4 млн долларға жетті. Ал өткен жылы оның бір акциясының құны 2,28 доллар болған. FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылар оның бір акцияға шаққандағы тоқсандық пайдасы 2,41 доллар деп болжады дейді MarketWatch.

Lululemon, сонымен қатар, акцияларды кері сатып алу бағдарламасын 1 миллиард долларға ұлғайтты. Компания, соны қоса алғанда, buyback-ке арналған 1,7 миллиард долларымыз бар деп мәлімдеді. Желтоқсан айында директорлар кеңесі $1 млрд долларға қосымша акция сатып алуға келіскенін компанияның өзі хабарлаған еді. Бірінші қаржы тоқсанында Lululemon  296,9 млн долларға 800 мың акция сатып алды.

Сатылымды өсіріп жатқан – шетелдік нарықтар


Тоқсандық сатылымның 2,21 млрд долларға жетуі Уолл-стриттің топшылауына сай келді. Соған сәйкес Lululemon-ның жылдық сатылым көрсеткіші 10,8 млрд доллар болады деген болжам өзгерген жоқ. Салыстырмалы түрде, Солтүстік пен Оңтүстік Америкадағы сатылым бірінші тоқсанда өзгерген жоқ. Ал халықаралық сегментте сатылым 25%-ға артты. Bloomberg-тің жазуынша, бұл АҚШ-та сұраныстың суи бастағанын, ал Қытай нарығында Lululemon-ның өсіп жатқанын көрсетеді.

Мақалада: Компания дүкендер желісін кеңейтуге, шетелдегі өнім жеткізу жұмысын жақсартуға инвестицияны белсендірек салуда. Шетелдік нарықтар Lululemon бизнесінің маңызды бөлігіне айналып отыр – қазір пайданың шамамен 21%-ы солардан түседі. Дегенмен компания басшылығы бұл үлесті болашақта 50%-ға жеткізуді көздейді, – деп жазылған.

Жаңа өнімдер жарыққа шығады

Lululemon-нің бас директоры Кэлвин Макдональд инвесторларға америкалық тұтынушылар «әлі де ақша жұмсауға дайын, бірақ тауар таңдауда талғампаз бола түсті» деп мәлімдеді. Ол Lululemon-нің кірісіне қатысты болжамның жақсаруын маржасы көп тауарлардың сатылымы артқанымен байланыстырды.

Макдональд өткен тоқсанда компания әйелдер сегментіндегі «мүмкіндіктерді жіберіп алғанын» мойындады және қазір сұранысты арттыру үшін өнім ассортиментін кеңейтіп жатқанын айтты. Шілде айында Lululemon леггинстердің жаңа үлгілерін шығарады, сонымен қатар жаттығуға және гольфке арналған өнімдер ұсыну арқылы, ер адамдарды қызықтыруды көздейді.