АҚШ-тағы жаңа биржа, SEC-ке қарсы талап-арыз берген инвесторлар жеңіп шықты, долларға қатысты болжамдар
АҚШ-та NYSE және Nasdaq-пен бәсекелес болатын Техас қор биржасы құрылмақ, комиссиялық баға мен аудитті ашуға қатысты SEC-тің қосымша ережелері жойылсын деген инвесторлардың талабы орындалды. Glencore «Қазмырыштағы» өз үлесін сату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы 5 маусымдағы әлемдік БАҚ-қы шолудан оқыңыз.
АҚШ соты SEC-тің бірқатар жаңа талабын алып тастады
АҚШ-та Жаңа Орлеан апелляциялық соты инвестициялау саласы үшін өте маңызды шешім шығарды: Бағалы қағаздар мен биржалар жөніндегі комиссияның (SEC) мәмілелер мен инвесторлар туралы көбірек ақпарат беру талабын алып тастады. New York Post жазғандай, SEC қор басқарушыларынан қызмет нәтижелері мен комиссиялық төлемдер туралы тоқсан сайын есеп беріп, жыл сайын аудит жүргізуді талап еткен. Бұдан басқа, реттеуші кей инвесторларға преференциялар беруге және олар үшін портфельдік активтерді ерекше жолмен ашық қылуға тыйым салған.
Бұл талаптар тікелей инвестиция қорларына, хедж қорларға, венчурлік капитал қорларына, зейнетақы және қайырымдылық қорларына қойылған еді. Әдетте бұл ұйымдар ірі инвесторларды тартып, қарапайым бөлшек инвесторларға бағдарланған инвестицияларға қарағанда, федералдық реттеуші органдардың қадағалауында бола бермейді. Бұл саланың көлемі $27 трлн. SEC бұл ереже «ашықтық, әділдік және есептілікті» арттыруға бағытталған болатын деді.
Инвесторлар сот шешімін жоғары бағалады. Олар SEC ережесі бекерге ауыртпалық артып, шығындататын дейді. «Бұл шешім – бүкіл Америка бойынша капиталға мұқтаж мыңдаған компанияның және өзінің зейнеткерлік жасын ұзарту үшін тікелей инвестициялар мен несиелерге тәуелді миллиондаған қызметкердің жеңісі», – деді SEC үстінен сотқа жүгінген алты бастамашыл топтың бірі – Америкалық инвестициялық кеңестің атқарушы директоры Дрю Мэлони.
АҚШ-та NYSE және Nasdaq-пен бәсекелес болатын Техас қор биржасы құрылады
New York Post-та жазылғандай, Citadel Securities және BlackRock сияқты Уолл-стрит алыптары Нью-Йоркке бағытталған қаржы нарығына шүйлігетін Техас қор биржасының (TXSE) ашылуына мүдделілік танытып жатыр. Штаб-пәтері Далласта орналасқан ұйым ұлттық биржа ретінде биыл жұмыс бастап кету үшін Бағалы қағаздар мен биржалар жөніндегі комиссияға тіркелу құжаттарын тапсыруды жоспарлап отыр.
Бұған себеп болған – ондаған ұйымның Калифорния немесе Нью-Йорк сияқты салығы жоғары және қатаң қадағалайтын штаттан Техас пен Флорида сияқты бизнес жүргізуге анағұрлым қолайлы штатқа көшуі.
«TXSE баға белгілеу белсенділігі, өтімділік және ашықтық бағытындағы бәсекені қыздыра түсіп, әлдеқайда тұрақты да сенімді нарықтардың құрылуына апарады», – деп есептейді TXSE Group-тің бас директоры Джеймс Ли.
Техас қор биржасының құрылтайшысы – BlackRock. Компания өтімділікті, сондай-ақ өз клиенттері мен капитал нарығының басқа да қатысушыларына инвестиция салу тиімділігін арттырғысы келеді. Тарихқа үңілсек, NYSE және Nasdaq-қа иелік етуші бас компаниялар, Филадельфия, Чикаго және Бостондағы биржаларды қоса алғанда, ұсақ қор биржаларын жұтып алған.
Reuters сауалнамасы: доллар қайта бағаланды, бұл валюта биыл-ақ әлсіреп қалатын секілді
Доллардың ұдайы өсуі тоқтап, алдағы 12 айда аздап әлсірейді деп есептейді Reuters сауалнамасына қатысқан валюта жөніндегі стратегтер. Қазір валюта қайта бағаланды және ФРЖ мөлшерлемені аздап төмендетсе болғаны, бірден төмендейді. Дегенмен біршама құлдырайды деп күтудің қажеті жоқ, себебі АҚШ-тағы инфляцияның 2025 жылдың соңына дейін 2%-ға қайтатын түрі көрінбейді. Сондықтан доллар осы кезең бойы салыстырмалы түрде берік күйінде қала береді.
Еске сала кетсек, сарапшылар бірнеше айдан бері ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуін күтіп, америкалық валютаның әлсіреуі туралы айтып келеді. Бірақ ТБИ бойынша деректер бағалардың тұрақты түрде жоғарылап жатқанын көрсетеді, бұл жағдай ақша-кредит саясатын жұмсарту мерзімін бері жылжытуға себеп болуы мүмкін. Сондықтан доллар басқа валюталардан үстем болып отыр. Тұтастай алғанда, 2024 жылдың басынан бері АҚШ валютасының индексі 2,9%-ға өсті.
Стратегтердің пікірінше, доллар аздап төмендейтін болса, йена ағымдағы деңгейден 8%-ға жоғарылауы мүмкін және 12 айдан кейін бір доллар үшін шамамен 154 деңгейінде саудаланатын болады. Еуро 1%-ға өседі және долларға шаққанда 1,08-1,10 болады.