Президент Ұлттық музейде Еуропадан алғаш шығарылған Леонардо да Винчидің картинасын тамашалады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ұлттық музейде Леонардо да Винчидің картинасы көрсетілді / Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Ұлттық музейге арнайы барып, отандық және әлемдік бейнелеу өнері туындыларының көрмесімен танысқан. Ақорда ақпаратына сүйенсек, президентке Еуропадан алғаш рет шығарылған Леонардо да Винчидің картинасы көрсетілді.

«Президентке өнертанушы Ольга Батурина қазақстандық талантты қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрмені таныстырды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйгілі италиялық суретші Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» (La bella principessa) картинасының түпнұсқасы көрсетілген.

«Танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның «Scripta Maneant» баспасымен бірлесе ұйымдастырылған. Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тысқары жерге алғаш рет шығарылып отыр», – делінген хабарламада.

Мәдениет және ақпарат министрлігі, Италияның Қазақстандағы елшілігі және Италия мәдениет институты ұйымдастырған көрмедегі Леонардо да Винчидің осынау бірегей туындысын 4 тамызға дейін тамашалай алады.

Сондай-ақ оқыңыз