Жаңалықтар

Ақпарат министрлігі Кеңес дәуірінде шыққан мультфильмдерді қазақ тіліне аударуға дайын

Ақпарат министрлігі Кеңес дәуірінде шыққан мультфильмдерді қазақ тіліне аударуға дайын / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Мәдениет және ақпарат министрлігі Кеңес дәуірінде шыққан мультфильмдерді қазақ тіліне аударуға дайын. 6 маусымда Сенатта «Масс-медиа туралы» заңды талқылау кезінде депутат Жанна Асанова мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтан Кеңес дәуірінде шыққан мультфильмдерді экранға қайтару туралы сұрады.

«Жеке көзқарасым бойынша, олар (кеңестік мультфильмдер – ред.) көбінесе еңбек құндылықтарына, жақындарына деген құрметке, Отанға деген сүйіспеншілікке сәйкес келеді. Біз аударма жасаймыз, яғни мұрағаттан алып, мемлекеттік тілге аударамыз», – деді Ысқақов.

Сенат қабырғасында журналистер сұрағына жауап беру кезінде вице-министр Кеңес мультфильмдерін аударуға көп қаржы кетпейтінін, оны бекітілген бюджет аясында жасауға болатынын айтты.

«Кеңес дәуірінде шыққан кейбір мультфильмдер біздің адами, этикалық құндылықтарымызға қарама-қайшы келмейді. Оларды аударуға бізде мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда аударамыз. Оған аса бір үлкен қаражат кетпейді. Өйткені біз онсызда шетелдік контентті аударып жатырмыз ғой. Оған көп ақша сұрамаймыз, қыруар ақша талап етпейді. Өзіміздің бекітілген бюджет аясында қарастырамыз», – деді ол. 

Журналистердің «қандай мультфильмдер аударылатыны туралы сұраққа вице-министр нақты жауап бермеді. Тек олардың мұқият іріктеуден өткізілетінін айтты.

«Мысалы, еңбекке баулитын, отансүйгіштікке бағыттайтын мультфильмдер. Қоғамдық кеңеске шығарып, талқылап, іріктеуден өткен контентті ғана аударамыз. Кеңес дәуіріндегі мультфильмдер біздің салт-дәстүрімізге, болмысымызға сәйкес келетін болса, неге аудармасқа? Бірақ іріктеуден өткізу керек», – деді Ысқақов. 

Вице-министр өз сөзінде қазақстандық мульфильмдердің де осы құндылықтарға сай келетінін, «99% қазақ анимациясы елдегі рухани сұранысты қанағаттандыратынын» айтты.

«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың сақталуын қадағалап отырады. Заң талаптарын бұзған журналистерге министрлік түзету туралы ұсыныс түсіреді. Тиісті заңды Сенат бірінші оқылымда мақұлдады.