Мәжіліс депутаты Абзал Құспан ШҚО экс-әкімі Даниал Ахметовтің кезінде Еуропалық банктен қарыз алған компанияларды тексеруді сұрамақ

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Депутат Ахметов әкім болған кезде Еуропалық банктен қарыз алған компанияларды тексеруді сұрады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің кезінде Еуропалық банктен қарыз алған компанияларды тексеруді сұрап, құқық қорғау органдарына хат жазатынын айтты.

Депутаттың сөзінше, оған республиканың әртүрлі өңірлерінен арыз-шағымдар келіп түседі. Солардың бірінде ШҚО экс-әкімі Даниал Ахметовке қатысты шағым болған.

«Даниал Ахметов әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыруға деп ЕБРР (Еуропалық қайта құру және даму банкі) арқылы 3,6 млрд, оған қосымша бюджет тарапынан 1,2 млрд, барлығы 4, 8 млрд бөлінген екен. Бұл жобаны ДА тарапынан жеке лобби жасалғанына дәлел ретінде, оның әкім боп тұрғанда ЕБРР-дың Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айтады шағым иелері», – деп жазады депутат өзінің Instagram парақшасында.

Абзал Құспанның ақпаратына сәйкес, миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігінің жанып кетіп, уақытылы ауыстырылмаған. Нәтижесінде, Өскемен мен Семейде көшелерінде жарық болмаса да, екі облыс әлі күнге Еуропалық банк алдында қарызын өтеп келеді. 

«Менің қолыма түскен құжатарға сәйкес, осы күмәнді келісімге қатысқан екі компания белгілі, олар; 1. ШҚО әкімдігі ашқан «Региональный центр ГЧП ВКО» АҚ, 2. Тайваньда тіркелген «Everlight Electronics Co. LTD». Яғни, ұршықта айналған жіпті шетінен тарқататыны сияқты, тексеруді әкімдік жанынан құрылған мекемеден бастаса біраз дүниенің басы ашылары анық», – деп жазады депутат.

Ол жағдайға байланысты халықтан түскен арыз бен бен қосымша құжаттарды құқық қорғау органдарына жолдауды жоспарлап отырғанын жазды.

2023 жылдың маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қызметінен босатқан. Ахметов өңірді 9 жылға жуық уақыт басқарған. Оған дейін Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімі, Қорғаныс министрі қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ оқыңыз