Жаңалықтар

Журналист сұранысына 5 күн ішінде жауап бермеген мемлекеттік орган жауапқа тартылады

Журналист сауалына жауап бермеген орган жауапқа тартылады / коллаж kurisv.media, бильд-редактор Денис Андреев

Журналистердің ресми сұраныстарына 5 күн ішінде жауап бермеген мемлекеттік орган қызметкерлері жауапқа тартылады. Бұл туралы Сенат баспасөз алаңында мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.

«Егер мұндай фактілер (журналистер сұранысына жауап 5 күн ішінде келмесе) болса, өкілетті орган туралы Ақпарат министрлігіне жазасыз. Біз тиісті тергеу жүргізіп, сұраққа қасақана жауап бермей қойса, өкілетті органды тиісті тәртіптік жазаға тарту мүмкіндігін қарастырамыз», – деді вице-министр.

Өкілетті орган журналистер сауалына жауапты кешіктіріп жатса, министрлік оның себебін біліп, содан кейін ғана шешім қабылдайды. Ысқақов журналистер сұранысына уақытылы немесе мүлдем жауап бермеген орган қызметкерлеріне сөгіс жарияланатынын айтты.

«Бұл жерде әкімшілік немесе қылмыстық жаза қарастырылмаған, тәртіптік жаза. Тәртіптік жаза яғни сөгіс жарияланады», – деді вице-министр.

«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың сақталуын қадағалап отырады. Заң талаптарын бұзған журналистерге министрлік түзету туралы ұсыныс түсіреді. Тиісті заңды Сенат бірінші оқылымда мақұлдады.

Еске сала кетсек, елде «Масс медиа» туралы заңның талқыланып жатқанына бірталай уақыт болды. Журналистер қауымы заңның сөз бостандығын шектейтінін айтуда. 

Олар жыл басында Масс-медиа туралы Заң осы күйінде қабылданатын болса, президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұрайтынын жеткізген болатын. Айтуыларынша, Заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлатады. Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тардың жабылуына алып келеді. 

Мәселен, депутат Н.Шаталов желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін «интернет-басылымдар» деген бірыңғай түсінікке біріктіруді ұсынған. Медиа сарапшылар мұндай өзгеріс ақпарат агенттіктерінің жойылуына жол ашатынын айтады. Сондай-ақ заң нормаларына сәйкес, интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде тіркеуден өткізіліп, есепке алынады. 

Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері бұл заңның журналистерсіз талқыланып жатқанын айтты. Сарапшылар заң жобасының медиа саланың субъектілерімен емес, парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың қалауымен әзірленіп жатқанын айтады. Олар түбінде бұл заң журналистердің қызметіне әсер ететінін, сол үшін медиа нарықта жүргендердің де пікірі ескерілуі керек екенін атап өтті.