Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум 2024 жылдың күзінде өтуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Сенат кулуарында айтты.
Ол қазір ел аймақтарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар 2024 жылдың күзінде аяқталады.
«Жалпы, сауалнама респонденттердің 55-57%-ы АЭС құрылысын қолдайтынын көрсетті. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Халыққа экология, энергетика және қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат берілді», – деді вице-министр
Еске сала кетсек, 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.
Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы Алматы облысының Үлкен ауылында 2023 жылы 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.
Қазақстанда атом электр станциясын салу құны 10-12 млрд долларды құрайды. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған «Баламалы энергия көздерін пайдалану туралы» ҚР Заңы жобасының реттеушілік саясатының консультативтік құжатында жазылған.