2030 жылға қарай мұнайға сұраныс айтарлықтай азаяды. Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейтуі қажет - Halyk Finance

Жарияланды
Қазақстан өндіріс көлемін шектеуге мәжбүр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Энергетика және шикізат нарықтары бойынша тәуелсіз сарапшылар пікірінше, әлемдік мұнай нарығында 2012 жылдан бастап осы уақытқа дейін ұсыныс сұраныстан арта түскен. Бұл туралы Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Мадина Қабжалалова жазды.

Өндіріс өсімінің негізгі драйвері АҚШ

Сарапшы пайымынша, аталған ел мұнай картельдерінің құрамына кірмейді. Осылайша 2010 жылдардан бастап шикізат өндірісін ұлғайтып, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауда көшбасшыға айналды.

«Бұл жағдай ОПЕК+ елдерінен тыс мұнай жеткізілімінің АҚШ шикізатымен қамтылуына ықпал етеді. Сонымен қатар Парсы шығанағы елдерінде мұнай қорының ұлғаюы байқалады. Мұнда пайдаланылмаған қор өндірісі тәулігіне 5,2 млн баррельге жетті. 2025 жылы өосы динамика жалғасады деген болжам бар», – деп жазды маман.

Болжам бойынша, профицит циклі АҚШ-тың мұнай бағасын белгілеудегі басымдығын сақтай отырып жалғасады. Ол осы мақсаттар үшін өзінің стратегиялық мұнай қорын пайдалана алады.

Геосаяси қақтығыстар және мұнай бағасы

S&P Global Commodities Insights сарапшылары геосаяси оқиғалардың, соның ішінде ірі әскери қақтығыстардың (өндіру процесіне тікелей әсер етпесе) мұнай бағасына әсер етуін өте шектеулі және қысқа мерзімді құбылыс деп санайды.

«Сұраныстың динамикалық өсуіне қарамастан, оның қарқыны әлі де төмендейді. Ұсыныстың профициті баға белгілеулеріне қысым көрсетуі мүмкін. Бағаны 75 доллардан жоғары ұстап тұрудың кілті Қазақстанды қамтитын ОПЕК+ елдерінің өндірісін шектеу болмақ», – деп атап өтті сарапшы.

Биыл Қазақстан өндіріс көлемін шектеуге мәжбүр болды

«Көрсеткіш өткен жылғы деңгейде қалды және мұнай секторындағы тоқырауға әкеп соқты. Бұл бірінші тоқсанда экономика өсімінің 3,7%-ға дейін бәсеңдеуіне бірден әсер етті. Мұнай нарығындағы ұзақ мерзімді тенденцияларға келетін болсақ, олар негізінен үш драйверге әсер етеді», – деп топшылаған сарапшы осы үш бағытты атады.

Атай айтқанда, демографиялық динамика – алдағы жылдары халық саны баяу өседі деген болжам бар. Ол мұнай өнімдеріне сұранысқа әсер ететін негізгі фактор. 2020 және 2040 жылдар аралығында дүние жүзіндегі халық санының өсімі 778 млн адамды құрайды. Бұл 2000-2020 жылдардағыдан әлдеқайда төмен.

Келесі геосаяси бәсекелестік – негізгі жеткізу тізбегінің өзгеруі, өндіріс шығындарының өсуі, сондай-ақ инвестицияның артуы болжанып отыр.

Ал үшіншісі, декарбонизация үрдісі – соңғы онжылдықта жанғыш отынның энергияға сұраныстың шамамен 80%-ын құрағанына қарамастан, оның динамикасы төмендеуде.

2030 жылға қарай мұнайға сұраныс төмендейді

Мадина Қабжалалованың айтуынша, 2030 жылға қарай мұнайға сұраныстың тәулігіне 3 млн баррельге төмендейді.

Осылайша, мұнай нарығына қатысты қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдарға сүйенсек, секторда жоғары құбылмалылық сақталады. Сарапшы бұл ел экономикасы үшін қатер туғызатынын айтады. Себебі мұнай секторы ұзақ жылдар бойы Қазақстан экономикасының негізгі драйвері. Ол экспортты, мемлекеттік бюджетті және ЖІӨ-ні қалыптастыруда, сондай-ақ ұзақ мерзімді экономикалық дамуда шешуші рөл атқарып келеді.

«Болашақта мұнай маңызды рөл атқармайтын кезең тууы мүмкін. Бұл Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы елдерде экспортта және бюджеттік кірістерде бөлігінде шығындарға әкелуі мүмкін. Демек, билік қазір қалыптасқан ел экономикасының даму үлгісін өзгерту және болашақта халықтың өмір сүру деңгейін қолдау үшін Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейтуі қажет», – деп қорытындылады маман.

Еске сала кетсек, Халықаралық энергетика агенттігі 2024 жылы мұнайға деген сұраныс айтарлықтай азаяды деген болжам жасаған.

ОПЕК наурыздағы жиында мұнайға сұраныс бойынша болжамын өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз