Кезекте тұрғандарға жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін өңір әкімдіктері облигация шығарады
Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, Шымкент және Астана қалаларында кезекте тұрғандарға кейіннен жалға беру үшін дайын тұрғын үйлерді сатып алу үшін әкімдіктер облигация шығарады. Осыған қатысты бұйрық Қаржы министрлігінің сайтында жарияланды.
Мемлекеттік бағалы қағаздар – 2024 жылы шығарылады. Бағалы қағаздар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу объектілерінде тұрғын үй және пәтерлер салуға бағытталған. Сондай-ақ кәріздік тазарту құрылысжайларын салу мен реконструкциялауды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн қарастырылған.
Облигациялар сомасы өңір бойынша әр түрлі. Мәселен:
- Батыс Қазақстан облысы – 8 198 010 000 (8 млрд 198 млн 10 мың) теңгеден артық емес;
- Маңғыстау облысы – 10 944 013 000 (10 млрд 944 млн 13 мың) теңгеден артық емес;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 3 891 329 000 (3 млрд 891 млн 329 мың) теңгеден артық емес;
- Түркістан облысы – 29 515 338 000 (29 млрд 515 млн 338 мың) теңгеден артық емес;
- Шымкент қаласы – 9 635 804 000 (9 млрд 635 млн 804 мың) теңгеден артық емес;
- Астана қаласы – 24 719 780 000 (24 млрд 719 млн 780 мың) теңгеден артық емес.
«Нысаналы мақсаты – жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға кейіннен жалға беру үшін дайын тұрғын үйді сатып алу», – деп жазылған құжатта.
Бұйрық 2024 жылғы 8 маусымнан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетсек, Алматы әкімдігі былтыр жұмыс істейтін жастарға мыңнан аса жалдамалы пәтер берді.