Үкімет жер қойнауын зерттеуге 50 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр: оның 13 млрд теңгесі мемлекет резервінен бөлінеді

Жарияланды
геологиялық зерттеу
Үкімет геологиялық барлау жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 13,3 млрд теңге бөледі / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Үкімет 2024-2026 жылдарға 2 млн шаршы км геологиялық-геофизикалық барлау жұмыстары мен геологиялық зерттеулерге мемлекеттік бюджеттен 13,3 млрд теңге бөледі. Бұл жайлы үкімет басшысы Олжас Бектеновтың депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.

Депутаттар елдің ресурстық базасы жұтаң тартып бара жатқанын, КСРО тұсынан бері Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстары негізінен инвесторлардың мойнына жүктелгенін айтқан болатын.

Бектенов өз жауабында үкіметтің бұл саланы алдағы үш жыл қатарынан қаржыландыруды жоспарлап отырғанын айтқан. Атап айтқанда, бұл салаға 2024 жылы – 8,1 млрд теңге, 2025 жылы – 2,6 млрд теңге, 2026 жылы – 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Премьер министр бұдан бөлек 37 млрд теңге тартылатынын айтқан. Бұл қаражатқа жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр.

«2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық барлау алаңын кемінде 2,2 млн шаршы километрге дейін ұлғайту мақсатында, жер қойнауын өңірлік геологиялық зерттеудің 18 нысанындағы жұмыстарға қосымша 37 млрд теңге бөлу қарастырылуда»,- делінген жауапта.

Бұл бағыттағы жұмыстарға 2024 жылы – 9,7 млрд теңге, 2025 – 15,9 млрд теңге, 2026 – 11,4 млрд теңге жұмсалмақ.

Сонымен бірге Бектенов депутаттардың никель, кобальт, литий және сирек жер металдарының ресурстық базасын дамыту туралы ұсынысына қатысты да жауап берген. Үкімет басшысы сирек кездесетін металдар өнеркәсібін дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Арал және Каспий маңындағы көлдер мен сортаңдарды, Баянкөл ауданының негізгі жыныстарының минералданған тұздықтары мен тұзды ерітінділерін зерттеуді жоспарлап отыр.

Осы жылы 12 учаскеде, оның ішінде Балқаш моноқалаларының маңындағы Кеңқұдық учаскесінде, Теміртаудағы Күйректікөл учаскесінде, Курчатовтағы Ақтөбе-Кварцты учаскесінде, Алтайдың Көнеой және Миролюбовский учаскелерінде сирек кездесетін нысандарды іздеу жұмыстары аяқталады.

Сонымен бірге алдағы 5 жылда Қазақстанның бүкіл аумағына аэрогеофизикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Пилоттық жоба Абай ауданындағы Солтүстік Балқаш аймағы мен Шығыс өңірдегі Қалба-Нарым кен аймағының аумақтарын зерттеуден басталмақ.

Бектенов Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылардың никель, кобальт, литий шикізат базасын дамыту үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар 55 мың тонна кобальт, 841 мың тонна никель және 151,4 мың тонна литийді мемлекеттік тіркеуге қойған.

Айта кетейік, Қазақстанда жер қойнауын барлауға бір айда 70 лицензия берілген. Аталмыш лецензия барлау жұмысы жүргізуге рұқсат береді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеуінше соңғы жарты жылда «500-ге жуық барлау лицензиясы» берілген.

Бұған дейін 2023 жылдан бері мұнай барлау мен өндіруге 9 млрд доллар инвестиция тартылғаны туралы хабарлаған едік. Энергетика министрлігі мұнай барлау мен өндіруге қатысты 5 жетілдірілген келісімшарт жасаған. Осы келісімшарттар негізінде тартылған инвестиция көлемі 9 млрд долларды құрайды. 

Бес келісімшарттың екеуі мұнай өндіруге қатысты болса, үшеуі барлауға бағытталған. Олардың қатарында Қаламқас-Теңіз, Хазар және «Әуезов» мұнай кен орындарын, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарындағы Қаратон-Подсолевой кен орындарын барлау және игеру жобасы бар. Бүкіл жобаларға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен шетелдік инвесторлар қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз