inDrive, Яндекс Go жүргізушілері жылдамдықты асырса, жолаушы тасымалдаудан шеттетіледі – Көлік министрлігі

Жарияланды (жаңартылды )
Көлік министрлігі inDrive, Яндекс Go оперторларымен меморандумға қол қойған / Фото: kursiv.media

inDrive, Яндекс Go жүргізушілері жылдамдықты асырса, жолаушыларды тасымалдаудан шеттетілуі мүмкін. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көлік  министрлігі мен inDrive және Яндекс Go мобильді қосымша оперторларымен ынтымақтастық  туралы меморандумға қол қойған. Жүргізушілердің жұмысы қосымша пайдаланушылар берген рейтингке байланысты бағаланады.

«Қосымшаны пайдаланушы адамның берген бағасы мен жалпы рейтингке сүйене  отырып,  жылдамдықты жиі асыратын жүргізушілер жолаушылардан келіп түскен  тапсырыстарды орындаудан уақытша немесе мүлдем шеттетілуі мүмкін», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ көлік жүргізушілеріне көліктің техникалық жағдайын тексеру қажеттігі жөнінде және қауіпсіздік белдіктеріне қатысты хабарламалар келіп тұрады.

Көлік министрлігі, Ішкі  істер министрлігі, Яндекс Go және inDrive арасындағы меморандум мобильді қосымша операторының такси тасымалдаушыларының автомобиль көлігі саласындағы  заңнама  талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл орайда министрлік саланы реттеуге бағытталған шараларды кезең-кезеңімен енгізуді көздеп отыр.

Бұл шаралар барысында платформаны пайдаланатын жүргізушілерге арнайы онлайн және офлайн форматта тренингер өткізілмек. Тренинг барысында оларға жол  қозғалысы ережелері  мен қалааралық  автомобиль жолдарында қауіпсіздік  ережелерін сақтау тақырыптары егжей-тегжейлі қарастырылмақ.  

«Меморандумды әзірлеу барысында көзделген басты мақсат– республикалық  және  жергілікті маңызы бар қалааралық автомобиль жолдарында, сондай-ақ  қала ішіндегі тораптарда жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыру», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке қажеттіліктері мен кішкентай  балаларға арналған орындықтарға қатысты ақпаратты көрсетуге мүмкіндік беретін қосымша функция енгізілмек.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде InDriver және Яндекс жүргізушілерінің жұмыс уақыты шектелетіні хабарланған болатын. Онда жүргізушілерге 8 сағаттан артық жұмыс істеуіне рұқсат берілмейтіні айтылған.

«Елімізде InDriver және Яндекс қосымшалары пайда болғалы, бұл сала тез дамып кетті. Өкінішке қарай олардың жүргізушілері жылдамдық шектеулерін және демалыс кестесін сақтамайды. Олар күніне 9 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Олар бұл мүмкіндікті теріс пайдаланып, нәтижесінде қырғалығынан айырылып жатады. Елімізде жол-көлік оқиғаларының 35 пайызы дәл осындай жағдайлардың кесірінен болады. Бізде заңсыз тасымалдаушылармен күресудің жол картасы бар. Оның ішінде inDriver және Яндекс бағдарламалық қосымшалары да бар», – дейді Көлік министрлігі Көлік комитетінің басшысы Алтай Әли.

Сондай-ақ оқыңыз