Жаңалықтар

Масс-медиа туралы заң: Мәдениет министрлігі мәдени, ұлттық, отбасылық құндылықтардың бұзылмауын қадағалайды

«Масс-медиа туралы» заңды Сенат екінші оқылымда мақұлдады / Коллаж: kursiv.media: бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың сақталуын қадағалап отырады. Заң талаптарын бұзған журналистерге министрлік түзету туралы ұсыныс түсіреді. Тиісті заңды Сенат екінші оқылымда мақұлдады.

Бұл мәселені сенатор Зәкіржан Кузиев көтерді.

«Заң аясында «Масс медиа» мониторингі деген ұғым енгізілмек. Осы заң аясында еліміздің заңнамасының сақталуына, сондай-ақ жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қаттысты мониторинг жүргізіледі. Осы орайда құндылықтарды бағалау механизмі қалай жүргізіледі? Өйткені әркімнің құндылық туралы түсінігі әртүрлі»,- деді сенатор.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов БАҚ-қа қатысты заң талаптарын сақтауға қатысты нақты нақты ережелердің бар екенін, заң нормалары сақталмаса, мониторинг нәтижелері бойынша шара қабылданатыны айтты.

«Заң жобасын талқылау барысында моральдық, мәдени және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты норма қыблдау мәселесі көтерілді. Расында нақты құндылықтардың заңнамада ресімделмегенін түсінеміз. Біз алдағы уақытта соған сай нормативтік база әзірлейміз. Сол нормаларды айқындайтын арнайы бұйрықтар мен қаулылармен толықтырамыз»,- деді министрлік өкілі.

Ол кейбір дәстүрлі құндылықтарымыз бен отбасылық құндылықтарды жоққа шығару әрекеттерін – мемлекеттілікті жоққа шығарумен тең көретінін айтты. Егер бұқаралық ақпара құралдары заң талаптарын бұзса, оны шектеу немесе тыйым салу мәселесі қарастырылады екен. ал ешер этикалық нормалар бұзылса, министрлік оны түзету туралы ұсыныс жіберуі мүмкін.

«Егер бақылау нәтидесінде біз заңнама нормаларының бұзылғанын анықтасақ, шектеу немесе тыйым салу шаралары қарастырылады. Ал этикалық нормаларды бұзу нәтижелері бойынша, уәкілетті орган ешқандай санкция қолданбайды. Тек өз әріптестеріміздің материалы немесе концерттік баңдарламалар қоғамда жағымсыз резонанс тудырса, оларға этикалық мәселелерді, ұлттық немесе жалпыадамзаттық құндылықтарды бұзу элементі бар екенін айтып, түзету немес ауыстыру туралы ұсыныстар жібереміз»,- дейді Қанат Ысқақов.

Вице-министр мұндайға ешқандай санкциялар қарастырылмағанын айтты. Ал этикалық нормалардың сақталуын қадағалауды арнайы мамандандырылған қызмет жүзеге асырады. Ал ол құндылықтарды айқындайтын қаулыларды алдағы уақытта ашық талқылайтынын жеткізді.

Еске сала кетсек, елде «Масс медиа» туралы заңның талқыланып жатқанына бірталай уақыт болды. Журналистер қауымы заңның сөз бостандығын шектейтінін айтуда.

Олар жыл басында Масс-медиа туралы Заң осы күйінде қабылданатын болса, президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұрайтынын жеткізген болатын. Айтуыларынша, Заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлатады. Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тардың жабылуына алып келеді. 

Мәселен, депутат Н.Шаталов желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін «интернет-басылымдар» деген бірыңғай түсінікке біріктіруді ұсынған. Медиа сарапшылар мұндай өзгеріс ақпарат агенттіктерінің жойылуына жол ашатынын айтады. Сондай-ақ заң нормаларына сәйкес, интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде тіркеуден өткізіліп, есепке алынады.

Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері бұл заңның журналистерсіз талқыланып жатқанын айтты. Сарапшылар заң жобасының медиа саланың субъектілерімен емес, парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың қалауымен әзірленіп жатқанын айтады. Олар түбінде бұл заң журналистердің қызметіне әсер ететінін, сол үшін медиа нарықта жүргендердің де пікірі ескерілуі керек екенін атап өтті.