Авиация комитеті Qatar Airways әуе компаниясына қатысты болған жағдайға түсініктеме берді

Жарияланды
Qatar Airways авиакомпаниясы Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалына жүйелерді біріктіріп үлгермегені себепті көшпеген / Фото: kursiv.media

Азаматтық авиация комтеті жолаушыларын әбігерге салған Qatar Airways әуе компаниясының не себепті Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалына көшпегенін түсіндірді. Компания жаңа терминалға көшу мерзімін 11 маусымға шегерген. Алайда көшетін уақыты ауысқанын жолаушыларға алдын-ала ескертпеген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Qatar Airways 3 маусымда жаңа терминалға көшетіні туралы жолаушыларға алдын-ала электрондық хат жіберген. Алайда шетелдік авиакомпания жүйелерді біріктіріп үлгермегеніне байланысты көшу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған.

«Осыған орай 5 маусымда Qatar Airways жолаушыларға жаңа терминалдан 11 маусымнан бастап рейстер орындалатыны туралы ақпараттық хабарламаны қайта жіберді»,- деп хабарлайды комитет.

Ал жаңа терминалда 1 маусымнан бастап Air Astana, Wizz Air, Pegasus Airlines, Azerbaijan Airlines және Өзбекстанның 54 рейсіне қызмет көрсетілген. Сонымен бірге Airways және Scat, Somon Air қызмет көрсеткен жолаушылар саны 8504 құрады. Жаңа терминалда тәулігіне 50-ге жуық рейстерге қызмет көрсетілетін болады. Терминалдың толыққанды жұмыс істеуі үшін, рейстер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

«Барлық халықаралық рейстерді толық ауыстыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және ағымдағы жылдың 20 маусымына дейін аяқталады. Алматы халықаралық әуежайы жаңа терминалдың жұмысын бастауға байланысты түсініспеушіліктердің алдын алуға бар күшін салады және уақытша қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды»,- делінге баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, 1 маусымда Алматы әуежайы жаңа терминалда алғашқы жолаушыларды қарсы алды. Терминал бірінші Лондоннан Алматыға ұшып келген алғашқы жолаушыларға қызмет көрсетті.

Алматыдағы жаңа терминалдан алғашқы болып Алматы-Доха бағыты бойынша Air Astana-ның КС–653 рейс жолаушылары ұшқан. Бортта 166 жолаушысы бар рейс сағат 09.50-де көкке көтерілген.

Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 53,5 мың шаршы метрді құрайды. Терминалы пайдалануға берілген соң жылына 14 миллион жолаушыға қызмет көрсетіледі. «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Альп Эр Тунга Эрсой сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып салынған терминал магнитудасы 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алатынын айтады.

Сонымен бірге жаңа терминал Орталық Азияда бірінші болып Excellence in Design for Greater Efficiencies (EDGE) бағдарламасы бойынша сертификат алмақ. Терминалда жолаушылар мен авиакомпаниялар санының өсуін ескере отырып, 50 тіркеу бағаны жұмыс істейтін болады.

31 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаған

Еске сала кетсек, қаңтарда TAV Airports Holding басшысы құрылыс жұмыстарының 87%-ға аяқталғанын мәлімдеді. Ол жаңа терминал осы жылдың маусымында ашылатынын айтқан еді.   

Сондай-ақ оқыңыз