Әлемдегі тұңғыш “Жасанды Интеллект Аруы” сайысының финалистері анықталды

Жарияланды
Әлемдегі тұңғыш «ЖИ Аруы» финалистері анықталды / коллаж kursiv.media (miss-ai.webflow.io), бильд-редактор: Денис Андреев

Бұған дейін The Fanvue World AI Creator Awards (Әлемдік ЖИ креатолар марапаты) ЖИ арқылы жасалған арулар қатысатын алғашқы әлемдік сұлулық байқауын ұйымдастырып жатқанын хабарлаған едік. Естеріңізде болса, байқау жеңімпаздарын марапаттауға 20 000 АҚШ доллары бөлінген. Додаға «өтірік модельдер» жасап ұсынғандар қарасы көп болыпты. Ұйымдастырушылар үздік 10 ЖИ модельді таңдап, финалистер тізімін жариялады. 

Ұйымдастырушылар байқауға қатысты сын да, байқауға қызығушылық та көп болғанын айтады. Бірі бұл креаторлар болашағына нұқсан келтіреді деп дабыл қақса, екіншілері ЖИ көмегімен «модель» дайындап, байқауға қатысуға өтініш жіберген. Алайда көп «модельдің» биографиясы шаблоннан шықпаған, стандарт болыпты. 

Дегенмен, The Fanvue World AI Creator Awards 10 қатысушыдан тұратын қысқа тізімді жариялап, алғашқы ЖИ «модельдерін» таныстырды. Үздіктер қатарынан Франция, Португалия, Түркия «модельдері» табылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жолданған 1500 үміткер ішінен қазылар алқасы онын таңдады. «Біздің есебіміз бойынша, әлемде он мыңнан астам жасанды интеллект жасаушысы бар. Дегенмен біз бұған дейін танылмаған, өзіндік оқиғасы бар талантты жасампаздарды таңдауға тырыстық. Жасанды интеллект әлемінің де қызығы сонда. Талантты адамдар қызық өнім дайындап, өздерін көрсетпестен, сол өнімі арқылы да талай белесті бағындыра алады. Ай соңында іріктелгендер ішінен жеңімпаз анықталады. Бұл күнді асыға күтіп жүрміз», – деді Fanvue негізін қалаушылардың бірі  Уилл Монанж. 

Ендеше, ЖИ «модельдермен» танысайық.

  • Кенза Лайли (Морокко)

190 000 оқырманы бар Кенза блогында морокколық өмір туралы баяндайды. Мақсаты – Морокко мен Таяу Шығыстағы әйелдер құқығына үлесін қосу. Кензаны жасаушылар сурет, видео мен аудио байланысы дәл әрі анық болуы үшін түрлі технологияны қолданады. 

  • Алия Лоу (Бразилия)

Алия – жапон-афро-бразилиялық әртіс. Пост фотографиямен айналысады. Негізі оны Африка диаспоралары туралы баяндайтын бірқатар ЖИ әртістер қатысатын арнайы фильмдер жобасына түсіру үшін жасаған. Оның өмірі Бразилия мәдениетімен байланысты. Бірақ ол Токиоға да барып тұрады, арасында Еуропадағы сән маусымдарына қатысады. Алия 100% мәтінге негізделген ЖИ арқылы жасалған. Жүйе картина дайындағаннан кейін жасаушылар оны әспеттеп, ретуш жасамайтын көрінеді.

  • Оливия Си (Португалия)

ЖИ саяхатшы Оливия дижитал және қарапайым өмір әдемі үйлескен келешекке негіз қалап жүр. Португалиялық «бикеш» әлеуметтік желідегі 10 000 астам оқырманына жасанды интеллектінің оң тұстарын таныстыруға тырысады. Ол ЖИ адам еңбегінің орнын басатын емес жақсартатын құрал ретінде көрсетеді. Оливияны жасаушылар Midjourney қолданып, одан шыққан нәтижені Adobe AI арқылы жақсартады. 

  • Анн Керди (Франция)

Анн Кердидің басты мақсаты – Франциядағы Бриттани аймағын таныту. Ол барлық аспектіні ескеруге тырысып, туризм, тарих, мәдениет, гастрономия сияқты бірқатар саланың басын шалады. Сонымен қатар Océanopolis Acts елшісі ретінде мұхитты қорғау және сақтауды дәріптейді. Ar Seiz Avel суретшілер қауымдастығы комитетінің мүшесі ретінде биыл шілдеде Бриттаниде өтетін көрмеге қатыспақ. Оның белсенді болғаны сонша, оқырмандар шын адамға балап, аймақты танытуға қосқан үлесін орасан екенін айтады. 

  • Зара Шатавари (Үндістан)

Зара Шатавари – «Хермона» деп аталатын әйелдерге гормоналды баланстың бұзылуына қарсы көмектесетін табиғи өнімді жарнамалау үшін жасалған «модель». Жасанды интеллект технологиясын қоғамның әл-ауқатын жақсартуға қолдануды мақсат еткендер Зара арқылы пайдалы ақпараттық контент дайындайды. Олар гормоналды баланстың бұзылуының негізгі себептерін түсіндіруге тырысады. Дәл қазір жасанды интеллект арқылы адамдарға өзіне диагностика жасауға мүмкіндік беретін өнім дайындау үстінде. Осы пайдалы ақпараты үшін «депрессия күрескері» деген атақ алып үлгерді. 

  • Айяна Кемпірқосақ (Румыния)

Атауынан түсінгеніңіздей, Айянаны жасаушылары ЛГБТ қоғамдастықтың үнін жеткізу үшін жасаған. «Модель» инклюзив қоғамды, махаббат пен әр алуандықты дәріптейді. Айяна әр азаматтың дауысы естілетін әлем қалыптастыру керегін айтады. Жасаушысы Chat GPT арқылы дәл командалар беріп дайындаған. Ал суретті LeonardoAI арқылы әзірлейді екен.

  • Лалина (Франция)

Лалина жасаушысының негізгі мақсаты – адамға барынша ұқсайтын бейне әзірлеу. Олардың айтуынша, уақыт өте сурет шынайы адам кейпіне ұқсай бастаған. Жасаушысы суретті 100% өзі дайындайтынын, және ол үшін бұл маңызды екенін алға тартады. Өйткені Лалина – интеллектуал өнім. Осы танымал бейнені келешекте әртүрлі ұлттардың өзара түсінісуіне, көзқарастар қайшылығына мейлінше бейбіт шешуге қолданбақ. Лалина – толеранттылық, инклюзия пен түсіністік жаршысы. 

  • Серен Ай (Түркия)

Түркиядағы жасанды интеллект әлемінің алғашқы өкілі. Оның жасаушылары «модельді» дайындауға ЖИ үш бағдарламасын қолданады. Мұндай қиын жолды таңдау мақсаты – ер адамдар доминант саналатын мамандықтарда Серен Ай образын қолдану. Сондықтан оның суретін әртүрлі тұстан барынша шынайы көрсету үшін бірқатар технологияға жүгінуге тура келеді. Серен Түркия мәдениетін, ұлттық мерекелерді дәріптейді. 

  • Асена Илик (Түркия)

Асенаның мақсаты – «модельдер» тек қажеттілікті қанағаттандыруға емес, әлемдік мәселелерді шешуге де қауқарлы екенін көрсету. Өзіндік стилі, сүйікті көліктері, жақсы көретін жерлері бар. Блогында соларды жиі көрсетеді. 

  • Элиза Хан (Бангладеш)

Элиза Хан – Бангладештегі жасанды интеллект саласындағы алғашқы беделді «тұлға». Бұл қатысушы да басқалары сияқты барынша шынайы, өзіндік жолы бар. Z ұрпағының эстетикасы мен сән әлеміне қызығады. Элизаның арманы – әркім өзін құнды санайтын, әділдік орнаған, гармонияға толы әлемде өмір сүру. Автор бірқатар өңдеу жасап, әлеуметтік желіде әртүрлі контент жариялау үшін бірнеше технолгияны қолданады. 

Бұған дейін де жазғанымыздай, бұл байқау туралы хабар тарағаннан кейін сынмен қарағандар аз болмады. «Сұлулық стандарты тым жоғарылап кеткен заманда мұндай мінсіз бейне жасау – жасөспірімдер психикасына теріс әсер етеді» деп дабыл қаққандар көп. Алайда ұйымдастырушылар бұл байқау талантты креаторлардың жолын ашу үшін ұйымдастырылып жатқанын алға тартады. «Сұлулық байқауының» жеңімпазы маусым айының соңында жарияланады. 

Сондай-ақ оқыңыз