Жаңалықтар

Бизнеске берілген несие көрсеткіші бойынша ЕАЭО елдері арасында Қазақстан екінші орында тұр

Бизнеске берілген несие көрсеткіші бойынша ЕАЭО елдері арасында Қазақстан екінші орында / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Артур Алескеров

Қазақстан 2024 жылдың бірінші тоқсанында бизнеске берілген несиелер көлемінің өсімі бойынша Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасында екінші орынды иеленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда теңгедегі көрсеткіш 29 пайызды құрады. Бұл туралы ЕАЭО Telegram-каналында ақпарат жарияланды.

Заңды тұлғаларға берілген несиелер көлемінің өсімі бойынша 30% көрсеткішпен Беларусь бірінші орында. Қырғызстан үшінші орынға жайғасты (25%).

Ресейде несие көлемінің өсімі – 22%. Ал Арменияда бар болғаны 5-ақ пайыз. Қырғызстанда шетел валютасындағы несиелендіру көлемінің 2,3 есеге айтарлықтай өскені байқалды. Бұл ретте несие беру Арменияда 12%-ға төмендеді.

2024 жылғы маусым айының басында Армения мен Қазақстанда базалық мөлшерлеменің екі елде де 0,25 пайыздық тармаққа (п.т.) тиісінше 8,25% және 14,5%-ға төмендеуіне байланысты несиелеу шығындарының төмендеуі тіркелді. Қырғызстанда бұл мөлшерлеме 4 пайыздық тармаққа төмендеп, 9,00%-ды құрады. Беларусь пен Ресейдің орталық банктері мөлшерлемелерді сәйкесінше 9,5% және 16% деңгейінде қалдырды.

Қазақстанда азық-түлік қымбат

Сәуір айының ортасында ЕАЭО деректері бойынша Қазақстан жыл басынан бері барлық сала бойынша ЕАЭО арасында баға өсімі бойынша көшбасшы болды. Қазақстанда жыл басынан бері тауарлар мен қызметтерге тұтыну бағасының индексі өсті. Азық-түлік емес тауарлар – 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары – 2,5%-ға, ақылы тауарлар – 3,6%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері Қазақстандағы инфляция одақтың басқа елдерімен салыстырғанда көбірек өсті. ЕАЭО елдері арасында Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанмен салыстырғанда қазақстандықтар тамаққа ең көп ақша жұмсайды.

4 маусымда ЕАЭО-ға Иран бақылаушы мәртебесіне қызығушылық білдіріп нота жолдады. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, одақ бұл нотаны 27 мамырда алған. Уақыты келгенде Иран сұранысы қаралады.  

Өнеркәсіп өндірісінің қарқыны баяу

Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикасына сәйкес 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Армения ЕАЭО елдері арасында өнеркәсіп өндірісі бойынша ең төменгі өсім көрсеткен.

2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде өндіруші бағасының айтарлықтай өсуі (5,8%-ға) байқалды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілердің бағасы қызмет түрлері бойынша 2,8%-ға өсті.

Электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау 2,1%-ға, қызмет түрлері бойынша сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау мен бөлуді бақылау – 1,8%-ға өсті.

Қырғызстанда ғана республикалық бюджет ұлғайды

Еуразиялық Экономикалық Одақ бюджеттің орындалуы мен мемлекеттік қарыз есебіне қатысты бірінші тоқсандағы көрсеткішті ұсынды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында қалыптасқан республикалық бюджет есебі бойынша Қырғызстанда ғана өсім бар. Былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, Арменияда бюджет тапшылығына жол бергені мәлім болды. Қазақстанда бюджет тапшылығы 24,2%-ға өсті, ал Ресейде ол 85,8%-ға күрт қысқарды (1,8 трлн  рубль шамасында).

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ұлттық валютадағы мемлекеттік қарыз өсті. Арменияда – 13,1%-ға, Қазақстанда – 3,2%-ға, Қырғызстанда – 13,7%-ға, Ресейде – 10,3%-ға. Армения мен Қырғызстанда сыртқы мемлекеттік қарыз, ал Қазақстан мен Ресейде  ішкі қарыз көбейді

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сыртқы мемлекеттік қарыз (АҚШ долларымен) Арменияда (0,5%-ға) және Қырғызстанда (1,3%-ға) өсті, Қазақстанда (9,9%-ға) және Ресейде (6,8%-ға) төмендеді.