Жаңалықтар

Антикор «Метрополитен» КМК мекемесіне қатысты сотқа дейінгі тексеру жүргізіп жатыр

«Метрополитен» қызметкерлері локомотив жабдығын қымбатқа сатып алған / kursiv.media

Қадағалау органы Алматы метросындағы заң бұзушылықты анықтады. Бас көлік прокуратурасының талдауы бойынша бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.  

«Метрополитен» КМК қызметкерлері локомотивтерге арналған бастапқы резеңке серіппелерді 137 миллион теңгеге, яғни қымбатқа сатып алған.

Бұл тұжырымды «Метрополитеннің» аудиторлық есебі де растады. Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

«Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат таратуға жатпайды», – делінген хабарламада.

Көлік прокуратурасы «Қазавтожол» филиалының жұмысынан олқылықтарды анықтады. Тексеріс нәтижесінде 605 кәсіпкердің 3,5 млн теңгесі негізсіз алынғаны белгілі болған.

Бас көлік прокуратурасы 2023 жылы 53 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке қайтарды. 1 367 қадағалауактісі қаралды. Соған сәйкес 5 932 азаматтың конституциялық құқы қорғалды, 1 358 тұлға жауапкершілікке тартылды.