Жаңалықтар

Сенатор Қазақстандағы сақтандыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейтуді ұсынды

Сенатор сақтандырушы мен жұмыс беруші арасындағы жауапкершілікті әділ бөлуді ұсынды / Фото: архив  kursiv.media,

Еліміздегі сақтандыру компаниялары жазатайым оқиға кезінде шығындардың аз ғана бөлігін өтейді. Осылай деп мәлімдеген Сенатор Андрей Лукин Үкіметке сақтандыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейтуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта ең төменгі сақтандыру мөлшері тиісті жылға белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерін құрайды. Бұл жұмыс берушілер үшін, әсіресе ауылдық жерде қаржы ауыртпалығын туғызады. Сақтандыру шарттары бұзылған жағдайда елеулі мөлшерде айыппұл салынады.

«Қолданыстағы сақтандыру жүйесі еңбекке қабілетінен 30-дан 100%-ға дейін айырылған жағдайда ғана төлем беруді көздейді. Қалған жағдайда міндетті сақтандыру шарты жасалған және тиісінше орындалған жағдайда да қызметкердің жоғалтқан жалақысы мен денсаулығының бұзылуына байланысты шығындарды өтеу тікелей жұмыс берушіге жүктеледі. Егер қызметкердің қайтыс болуы немесе кәсіптік еңбекке қабілеттінен айрылу дәрежесі 30%-дан жоғары және одан жоғары болуына байланысты сақтандыру төлемі залалды толық өтеуге жеткіліксіз болса, ал жоғалтқан табыс мөлшері 10 айлық жалақыдан асатын болса, айырмашылықты жұмыс беруші өтеуге міндетті», – деді сенатор.

Депутат сондай-ақ ауылдық жердегі жұмыс берушінің қаржы жүктемесіне еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жұмыс жағдайын жақсарту қамтылғанына алаңдаушылық білдірді. Сақтандыру компаниялары жазатайым оқиға кезінде шығындардың аз ғана бөлігін өтейді. Сенатор осыған байланысты Үкіметке сақтандыру саласындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар шараларды қарастыруды ұсынды.

«Ауылдық жерлердегі жұмыс берушілерге сақтандыру сыйлықақысының сомасын мөлшерлес қайта қараумен 6 айға сақтандыру шартын жасасу мүмкіндігін қарастыру керек. Ауылдық жердегі жұмыс беруші төлейтін сақтандыру сыйлықақысының ең төменгі мөлшерін ең аз жалақы көрсеткіші бойынша 1-ден 0,5-ке дейін төмендету керек. Сақтандырудың тиімділігін арттыру шараларын әзірлеу туралы мәселені қарастыру керек, атап айтқанда сақтандыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейту және олардың операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету керек», – деді Андрей Лукин.

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру және қайта сақтандыру компанияларына клиенттердің дербес деректерін қорғауға қатысты қойылатын талаптар күшейтілетінін мәлімдеген болатын. Агенттіктің бұл қаулысы Ашық НҚА порталында жарияланған.

Енді сақтандыру компанияларының клиенті мобильді қосымшада алғаш тіркелген кезде міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Сонымен қатар екі деңгейлі тексеріс жүргізіледі.

Егер сақтандыру компаниясының мобильді қосымшасын басқа компания әзірлейтін болса, ол компания да жеке деректер қауіпсіздігін сақтауы шарт. Сондай-ақ қауіпсіздік жүйелеріне көптеген техникалық талап енгізілмек. Мысалы, бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары міндетті түрде арнайы код репозиторийін басқару жүйелерінде сақталуы тиіс.