Кофе бағасы, АҚШ-тағы облигацияларға деген сұраныс, Қытайдағы акциялардың жаппай сатылуы
Кофенің бағасы өсіп жатыр, инвесторлар АҚШ-тың жоғары кірісті облигацияларын сатып алу үстінде, ал Қытайда IPO көлемі бойынша лимиттер көтерілгеннен кейін шағын компаниялардың акцияларын жаппай алып тастап жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы 6 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Кофенің бағасы өсіп, J.M. Smucker-дің шикізатқа жұмсайтын шығыны ұлғайып кетті
Дүйсенбі күні АҚШ-тың бөлшек сауда нарығындағы ең ірі ерігіш кофе өндіруші J.M. Smucker өз өнімдерінің бағасын көтеруге ниетті екенін хабарлады дейді Bloomberg. Folgers, Café Bustelo, Dunkin брендтеріне иелік ететін осы компанияның сатып алатын негізгі шикізаты – робуста дәндерінің қымбаттауынан шығыны ұлғайған. Олардың фьючерстері 2024 жылдың басынан бері 50%-ға қымбаттап, жаңа тарихи максимумға жетті.
Осы кофе сортының негізгі өсірушісі – Вьетнам құрғақшылыққа байланысты керекті көлемде өнім жөнелте алмай отыр. Арабика дәндерінің де бағасы жоғарылап барады. Мәселен, қазір Лондондағы робуста жөніндегі шілдеге арналған келісімшартта әр тоннасына $4,400, ал арабиканың әр тоннасына $5125 белгіленіп жатыр.
ФРЖ мөлшерлемені төмендетер алдында инвесторлар жоғары кірісті облигацияларды сатып алып жатыр
Мамыр айының қорытындысына қарасақ, АҚШ-тағы облигациясы жоғары кірісті қорларына мол қаражат құйылған дейді Reuters. Инвесторларды корпоративтік кредиттік тәуекелдердің төмендеуі аясындағы жоғары кірістілік қызықтырып отыр.
LSEG Lipper мәліметіне сәйкес, АҚШ-тағы облигациясы жоғары кірісті қорларына мамыр айында $5 млрд түскен. Бұл – 2023 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Биылғы жылдың қаңтарынан мамырына дейін қаражаттың жалпы ағыны $6,1 млрд-қа жетіп, үш жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке айналды.
«Бұл жерде тартымды кірістілікпен бірге инвесторлардың жоғары корпоративтік кіріс пен ФРЖ саясатының жұмсаруы дефолт мүмкіндігінің азаюына жағдай жасауға тиіс деген сенімі жатыр», – деді Loomis Sayles портфельдік менеджері Крис Романелли. Ол сондай-ақ ФРЖ мөлшерлемесі төмендейді деп болжаудың мөлшерлемесі құбылмалы кредиттерге деген сұраныстың өсуіне себеп болғанын айтты.
Қытайда инвесторлар шағын компаниялардың акцияларынан басын ала қашты
Биржадан сенімсіз ойыншыларды шығарып тастау мақсатында Қытайдың Бағалы қағаздар жөніндегі реттеушісі (CSRC) IPO-ның ең төменгі мөлшерін көтергені сол еді, инвесторлар шағын компаниялардың акцияларын тастай қаша бастады дейді Reuters. Бір күн бұрын нарықты тыныштандырмақ болып CSRC арнайы мәлімдеме жасады. Реттеуші мәлімдемеде баға белгілеу тізімінен компаниялар көптеп шығарылады деп ойламайтынын атап өтті.
Ал брокерлер олай ойламайды. Қытай биржасында тіркелген 100-ге жуық компания биыл «ST» (ерекше режим) белгісін алды. Бұл белгі баға белгілеу тізімінен шығарылуы мүмкін екенін, немесе басқа да қатердің бар екенін білдіреді. Мұндай компанияның саны 169.
ST белгісі қойылған компаниялар индексі биыл 50%-дан астамға төмендеді, ал капиталдануы жағынан шағын компаниялардың қытайлық индексі – CSI932000 осы аптаның өзінде 9% (жыл басынан бері 23%) жоғалтты. Салыстырар болсақ, «көгілдір фишка» индексі – CSI300 қаңтар айынан бері 5%-ға өскен.
Қысқаша
S&P 500-дегі Microsoft, Apple және Nvidia-ның салмағы жаңа рекорд – 20,1%-ға жетті дейді The Barrons. Ал Bloomberg-тің есептеуінше, осы үш компанияның құны Қытайдың бүкіл қор нарығынан қымбат екен. Әлемдегі ең ірі мұнай трейдері әрі ең ірі металл жеткізуші Trafigura компаниясының хабарлауынша, оның таза пайдасы бірінші жартыжылдықта 3,8 есеге – $1,474 млрд-қа дейін, ал түсімі 5%-ға – $124,2 млрд-қа дейін төмендеген.