АҚШ билігі ЖИ нарығында монополияның бар-жоғын тексеруге кірісті
АҚШ-тың монополияға қарсы реттеушісі ЖИ нарығында монополияның пайда болуынан қауіптенеді / Фото: shutterstock
АҚШ Әділет департаментінің монополияға қарсы бөлімінің басшысы Джонатан Кантер The Financial Times-қа берген сұхбатында оның департаменті жасанды интеллект саласындағы бәсекелестікті зерттеуге кірісетінін айтты. Ол осы революциялық технологияны тек бірнеше ірі ойыншының ғана басқаруынан қауіптенеді.
Толығырақ
АҚШ-тың монополияға қарсы негізгі реттеушісі қазірдің өзінде ЖИ саласындағы монополия мен компаниялардың арасындағы бәсекені зерттеп жатыр. Бұл есептеу қуаты, нейрондық желілерді оқыту деректері, бұлттық провайдерлер және талантты инженерлер, графикалық процессорлар мен басқа да негізгі жабдыққа қол жеткізу нарығын қамтиды дейді Кантер.
Ол сондай-ақ АҚШ-тың Чип туралы заңына (CHIPS and Science Act) сәйкес чип өндірушілеріне көрсетілетін ауқымды мемлекеттік қолдау шараларын да тілге тиек етті. Монополияға қарсы органдарды чип өндірушілер қызу сұраныс кезінде, ең озық өнімдерін қалай және қайда ұсынып жатқаны қызықтырады дейді шенеунік.
Оның айтуынша, реттеушілер дамып келе жатқан ЖИ секторы қазір «бастапқы кезеңді емес, бәсекенің нағыз қызған шағын» бастан кешіп жатыр. Сондықтан технология алпауыттарының нарықты уысында ұстауына жол бермеу үшін, қазірден бастап «шұғыл» әрекет ету керек деп санайды.
Кантер кім?
Кантер 2021 жылдың қарашасынан бері АҚШ Әділет министрлігінің монополияға қарсы бөлімін басқарады. Кантер келгелі бері бұл ведомство «құнығуға, асыра сілтеушілікке» қарсы күресті қатайта түсті дейді FT. АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясымен (FTC) бірлесіп, Кантер ведомствосы Google мен Apple сияқты технология алпауыттарына шабуыл жасай бастады. Оларға мобильді қосымша дүкендері, іздеу жүйесі мен цифрлық жарнама нарығында бәсекелестікке нұқсан келтірді деп айып тағады.
Контекст
ChatGPT жарыққа шыққандағы сенсациядан кейін, ірі компаниялар ең перспективалы ЖИ әзірлеушілермен миллиардтаған долларға келісім жасасып, серіктес болуға ұмтылып жатыр. Осы орайда, Microsoft корпорациясының ChatGPT-ді жасап шығарған OpenAI әзірлеушісіне 13 млрд доллар инвестиция салуы ең айтулы мәміле болды. Майкрософт OpenAI-дың басшылығын тікелей қолына алған жоқ, бірақ стартаптың зияткерлік меншігіне және оған түскен табысқа ортақ бола алатындай эксклюзивті құқыққа ие болды. Корпорация сондай-ақ бұрынғы Meta және Google Deep Mind қызметкерлері құрған Mistral ЖИ стартапына инвестиция салды және ЖИ технологиясымен айналысатын Абу-Дабидегі G42 тобына 1,5 млрд доллар қаржы құйды.
Америкалық және еуропалық реттеушілер осыны әрі Google мен Amazon компаниясының Anthropic ЖИ стартапына қатысты құны миллиардтаған доллар тұратын мәмілелерді қоса тексеретінін айтты.
Microsoft корпорациясының қызметі тексеріле бастады
The Wall Street Journal бейсенбіде FTC Microsoft корпорациясының ЖИ нарығындағы іс-қимылына қатысты антимонополиялық тексеріс бастағанын хабарлады. Реттеуші Microsoft Inflection AI-мен жасаған мәмілесінде монополияға қарсы тексерулерді айналып өтетіндей қулыққа барды ма, жоқ па, сол жағын да тексермек.
Америкалық компаниялар егер 119 млн доллардан қымбат мәміле жасаса, оны монополияға қарсы федералдық органдарға міндетті түрде хабарлауы тиіс. Наурызда Microsoft корпорациясы Inflection AI-дың негізін қалаушы Мұстафа Сүлейманды және оның барлық қызметкерлерін жалдады. WSJ дереккөзінің айтуынша, Microsoft стартап технологиясының лицензиясы үшін Inflection AI-ге 650 млн доллар төлеуді мойнына алған. Ал Inflection инвесторларына Microsoft корпорациясы сатып алған лицензияның кірісінен кейінірек өтемақы төлеуге уәде берілді.
Майкрософт Inflection AI-ды сатып алуды мақсат тұтпағанын айтты. «Біз бұл компанияға ие болуды көздеген жоқпыз. Бізге керегі сонда жұмыс істейтін кейбір адамдар, біз оларды жалдадық», – деді Microsoft президенті Брэд Смит.