Жаңалықтар

Агроөнеркәсіп кешеніндегі 90 жобаға 444,5 млрд теңге жеңілдетінген несие беріледі

90 жобаға жеңілдетілген несие беріледі. Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі 90 жобаға 444,5 млрд теңге жеңілдетінген несие берілмек. Үкіметте фермерлерге жеңілдетілген қаржы беру кезінде кепіл саясатын жұмсарту мүмкіндіктері талқыланған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, АӨК саласындағы 90 жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оларға «Агрорлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және Halyk bank-пен бірлесіп 444,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген қаржы берілмек.

Әсіресе ет, сүт, астық өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту салаларына басымдық берілмек. Бұл жобалар мемлекет үшін басым бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бермек. Аграрлық несие корпорациясында 81,2 млрд теңгенің 43 жобасы, ҚДБ-да 285 млрд теңгеге – 14 жоба, Halyk bank-те 78,3 млрд теңгеге 33 жоба бар.

Алайда вице-министрдің айтуынша, қаржыландыру қарқыны белсенді болғанымен, несие алуға кепілдің болмауы шаруалар үшін айтарлықтай кедергі болып отыр.

Вице-премьер Серік Жұмағарин шаруалардың қаржыландыруға қол жеткізуін барынша жеңілдету қажет екенін айтады.

«Біз шаруалардың қаржыландыруға қолжетімділігін барынша жеңілдетуіміз керек. Үкімет шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына қаржыны Ауылшаруашылық кооперативі арқылы алуға мүмкіндік беретін шараларды қазірдің өзінде қолға алып жатыр. Сондықтан енді шаруаларға қолайлы, қаржы институттары үшін қауіпсіз тетіктерді бірлесіп әзірлеуіміз керек. Экспорттық несие агенттігі ауыл шаруашылығының басым жобалары үшін тарифтерді төмендету мүмкіндігін қарастыруы қажет. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларға кепілдік беру бағдарламасы бойынша қаражат бөлудің нұсқаларын әзірлесін», — деп түйіндеді жиынды Серік Жұманғарин. 

Қазақстанда «Қуатты АӨК» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 16 трлн теңгеге жуық қаражат көзделген.

2024-2028 жылдарға арналған  агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың «Қуатты АӨК» ұлттық жобасында көзделген шараларды іске асыру арқылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін 2028 жылы 17 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Осылайша көрсеткіштер екі есеге артпақ. Ал 2023 жылғы көрсеткіш бойынша бұл сома 8,7 трлн теңгені құраған. Бұл номиналды мәнде 2019 жылғы деңгейден 1,7 есе жоғары.