Altyn Samruk Qazaqstan-ның еншілес ұйымы Абай облысында алтын өндірмек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Абай облысында қандай компания алтын өндіреді? Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Altyn Samruk Qazaqstan-ның еншілес компаниясы – Eastern Gold облысында тау-кен жұмыстарын бастамақ. Сонымен қатар өндіру жұмыстарының салдарын жою жоспары бекітілген.

Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 24-25 мамыр күндері Көкпекті мен Жарма ауданында қоғамды тыңдау өткен. Бұл ашық жиналыста Eastern gold «Родниковое» кен орнында құрамында алтыны бар кен өндіру жөніндегі тау-кен жұмыстарының жоспарын ұсынған.

Жоспарға сәйкес, карьер контурында бекітілген тотыққан алтын кені қоры игеріледі. Родниковое учаскесінен С2 санаты бойынша 1 154,7 мың тонна; Белая Горка аумағынан  749, 6 мың тонна кен игерілмек. Тотыққан алтын кенінің жылдық өндірістік қуаты 250,0 мың тоннаны құрайды. Кеннен алтын алуға цианид қолданылады. Сонымен қатар компания цианидтің қытайлық баламын қолданужы жоспарлап отырғанын жеткізді.

8 адам қатысқан қоғамдық тыңдау нәтижесінде Eastern Gold компаниясының өндірісті бастауына келісім берілген. Компания кен орнынан 9 жыл бойы кен өндіреді. Компания директоры кен өндіру жұмысы аяқталған соң қалпына келтіру жұмысы жүргізілетінін айтқан.

Одан бөлек, компания облыстық «Абай облыстық ТЖ өндірістік қауіпсіздік комитетінен» тұжырымдама алған. Өндіру жұмыстарының салдарын жою жоспары да келісілген.

Altyn Samruk Qazaqstan компаниясы 2023 жылдың 12 қаңтарында ашылған. Сол жылы 25 мамырда Eastern Gold компаниясының 100 пайыз меншікті капиталын сатып алған. Аталмыш компания бағалы және сирек кездесетін металл барлау және өндірумен айналысады.

Eastern Gold компаниясына қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия 2019 жылы берілген. Осы лицензия негізінде компания ШҚО-дағы «Родниковое» кен орындағы «Белая Горка» кен аумағында пайдалы қазба өндіреді.

Altyn Samruk Qazaqstan компаниясының қаржы есебіне сәйкес, оның жалғыз акционері – Раиса Байбактиева. Ол компанияның 100 пайыз акциясына иелік етеді. Бас директоры – Пазылхаирова Гульбану.

Сондай-ақ оқыңыз